Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбие – тал бесіктен

Тәрбие – тал бесіктен

Біздің қоғамда баласына бәрін беретін, қалағанын әперетін ата-аналар бар. Осыны кейде оң көрмейміз. Мүмкін, бұлда орнымен болса дұрыс шығар. Өйткені жас өскіннің қатардан қалмай, заман талабына сай жетіліп отыруы дұрыс. Психолог мамандардың айтуынша, баланың ес біліп, оң-солын тани бастағанда  керек-жарағын армандауы, оған жетудің жолын қарастыруы баланың ақыл-ойын дамытатындығын айтады. Ата-ананың дәл осындай кезде балаға серпін беріп, көздеген нәрсесін алып беруі дұрыс шешім. Бірақ бірден емес. Жас өскін шын армандап, ойындағы затын алуы үшін әрекет еткенде ғана.
Мұның екінші жағын қарастырайық. Кей психолог мамандар жалғыз ұлын өбектеп, үлде мен бүлдеге орай беру орынсыз деп таниды. Олардың айтуынша, ата-ананың  балаларына қалағанын бірден алып беру, есейгенде соңына дейін шыдай алмайтын, күш салып жұмыс істемейтін адамға айналатынын ескертеді. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбейтін қоғам азаматтары осындай жағдайда қалыптасады. Бәріміз де бір жетіспеушілік құрсауында өстік. Барымен базар деп ер жеттік. Шүкір, ешкімнен кем болғанымыз жоқ. Баланың қатарластарынан биік тұрып, материалдық жағынан алда болуы сонымен қатар ата-ананың ықпалымен "сен одан күштісің, сен одан әдемісің, сен одан білімдісің" деп санаға сіңіруі өзімшілдік пен дүниеқұмарлыққа әкеп соқтырады.  Балалардың өз аяғына тұруды үйретуде осалдық таныту, немғұрайлы қарау ата-аналардың ең үлкен қателігі. Көп отбасылар "біз көп қиыншылық көрдік, баламыз таршылық көрмесін, осылар үшін тауып жатыр емеспіз бе" деген сияқты желеулермен баласын шектен тыс еркелетеді. Бұл ұрпағының болашағына балта шабу деп есептесек те болады.
Психолог маманның «baribar.kz» сайтында берген пікірінде былай дейді: «Саналық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да балаға әр қалағанын алып беру, еңбексіз, машақатсыз өмірге дағдыландыру оған жақсылық емес, жамандық ету болып табылады. Бүгіннің ертеңі де барын ұмытпауымыз керек. Ертеңгі әл-ауқат басқа болуы мүмкін. Әл-ауқат азаймағанымен де «шайнап берген ас болмас» деген даналық сөз бар. Дүниенің мың сан-түрлі қыры бар. Мәселен, жегені алдында жемегені артында, люкс көлік, қымбат киім, яғни молшылыққа, дайынға дағдыланған бала, жоқтыққа тап болғанда, өз басынша өмір сүру қажет кезде не істейді. Жұмыс таба ала ма? Тапса да бұрынғы өмір салтын жалғастыратындай табысы бола ма?.. Осы секілді себептерге байланысты баланың әр қалаған нәрсесін алып беру және тек қана сәнді, салтанатты өмір сүруін қамтамасыз ету, еңбексіздікке әдеттендіру дұрыс емес. Өйткені бала өскенде де әр қалағанына қол жеткізе алатынын ойлап, оған ұмтыла беретін болады, ал бұл жүзеге аспай қалған кезде, қиянатқа мойын бұруы, өмірге ренжіп, қиялдары қирап, ешкімді тыңдамайтын құлақсыз қырсыққа, бұзақыға айналуы мүмкін».
            Бала –  ата-ананың қолындағы аманат. Олардың жүректері пәк, кіршіксіз таза, гауһардай құнды. Бала құнарлы топырақ сынды. Құнарлы топыраққа не ексең де жемісін алатының секілді, балаға да дұрыс бағдар берсең соған бейімделіп, бет алады. Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі. Сондықтан жас өскіннің бала кезден психологиясын оң бағытта қалыптастыру өзімізден.
Шығыс НҰРБАЙ
22 ақпан 2022 ж. 345 0