Обыр неге өршіп тұр?
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев өзінің халыққа Жолдауларында аурудың алдын алудағы ақпараттандыру жұмыстарын жетілдіруге үлкен мән берді. Бұл әрине, қажет. Баспасөз беттерінде обыр ауруы туралы өзекті мәселелер ұдайы көтеріліп келеді. Мысалы «Егемен Қазақстан» газетінің 7 ақпандағы санында Қ.Мұқамедқалидың «Обырмен күрес – өмірге үлес» атты мақаласында обырдың өршіп кеткенін жазды.
Елімізде жыл сайын 36 мың адам обырға шалдығады екен. Қазақстанда 2020 жылы 180 мың адам, ал былтыр 190 мың адам диспансерлік есепте тұрған. Жыл сайын елімізде 15 мың адам осы дерттен көз жұмады. Бір ғана Алматы облысында 2020 жылы 8976 адам диспансерлік есепте тұрса, ол былтыр 16 мың адам болған. Онкологтар осы дерттің кейінгі жылдары 23% өскенін айтады. Бұл жағдай әрине дәрігер қауымын қатты алаңдатып отыр. Халыққа аурудың алдын алу мақсатында санитарлық-ағарту жұмыстарын жандандыруымыз қажет. Профилактикалық байқаулар мен скринингтерден жиі өткізіп, дертті ерте анықтау, соған сәйкес емдік-сауықтыру шараларын дер кезінде бастау оң нәтиже береді. Алайда кейінгі жылдары шешімін таппай шиеленісіп кеткен әлеуметтік мәселелер, отбасындағы түсінбестіктен туындайтын ұрыс-жанжалдар, үмітсіздіктен күйзелістер халықтың еңсесін басып, жігерін құм етумен рухын төмен түсіріп жіберді. Осы жағдайлар да дертке тікелей себепкер болып отыр.
Обыр дегеніміз – ағзадағы жасуша аппаратының генетикалық өзгерісінен (мутация) туындайтын жасушалардың шексіз өспелері. Жендет жасушалардан жеңілмеу адамның өмірге деген құштарлығына, жігеріне, жүйкесіне тікелей байланысты. Үнемі ашуланып өкпе-реніштен, қайғыдан бас көтермеу сияқты серпілмеген күйзелістер ағзадағы иммундық жүйенің қатерлі ісіктерді жойып жіберетін жасушаларды бөліп шығаруын тоқтатады. Ағзаның қорғаныш күші қырағылығы кеміген соң обыр дерті осылай туындай бастайды. Обырдың басты себебі осы.
Халқымыз қазіргіден де ауыр жағдайларды, тіпті ашаршылық пен жаугершілікті де бастан өткізген. Сонда да еңсесін түсірмей жігерін шыңдап, рухы асқақ болған, жоққа сабыр танытқан, барды қанағат тұтқан, қиындықты көтере де жеңе білген. Өкінішке қарай, халық арасында «онкология» деген сөзге үрке қарап, оны үкім сияқты қабылдайды да, үнемі жүрегіне қорқыныш ұялап, үрей үстінде отырады. Бұл – мәселені дұрыс түсінбегендіктен қалыптасқан өте жаңсақ пікір, қате көзқарас, қате түсінік. Адам аурудан емес осындай уайым-қайғыдан, үрейден көз жұмады. Ауру дегеніміз – Алланың сынағы, мойындап көтере де, күресе білуіміз керек. Алла: «Сүйген пендеме нар көтермес жүк артамын, көтерсе қам көңілін ағартамын, көтермесе тағы артамын» дейді. Аурудың алдын алып, түбегейлі сауығып кетуі үшін мен «Бекпейістің бестік ережесін» ұсынамын.
Біріншісі – күніне бес рет Құдайға құлшылық жасап, бес рет еске алып, Алладан дерттің шипасын сұрау, дұға оқу, зікір салу, сауығып кетемін деп сене білу. Алла: «Дұға жасаған пенденің қолын кері қайтаруға ұяламын» деді. Хақім Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деді, дәрігерлер пірі хақім Ұлықпан «Кез келген ауруды жазатын ең күшті дәріні таптым. Ең мықты дәрі – сенім» деді. Иманның өзі – Аллаға сенім. Қасиетті Құранда «Өмірдің тірегі – сенім. Сенімсіз адам – шайтан» деген. Демек «Сенім – ең күшті қару». Обырмен күресу адамға аса күшті рухты және күш-қуатты талап етеді.
Алла: «Егер маған бір қадам жасасаң, мен саған он қадам жасаймын. Ал он қадам жасасаң, мен саған жүгіремін» дейді. Халқымыз «себепсіз шөлмек, Құдайсыз қурай да сынбайды» дейді. Демек барлық нәрсе тек Алланың қалауымен жүзеге асады, ал әрекет ету кешірім сұрап, алғыс айту, денсаулық сұрау пендеден. Демек әр нәрсенің шешімі – дұға.
Екіншісі – күніне бес рет көкөніс жеу. «Ауру – астан» дегендей ас мәзірінде қант пен тұзды барынша шектеп, 10 финик жаңғағы, кепкен жемістер, асқабақ, сәбіз, қызанақ, анар, алма, аскөк, ақжелкен-петрушка, көкпияз, сарымсақ сияқты обыр тудырмайтын көкөністерді көптеп тұтынып, зығыр не күнбағыс майын бір шай қасықпен үш рет ішіп отыру қажет. Бұл майлар мысалы, сүт безі обырын бес есе азайтады. Егер сәбіз шырының 1 кеседен күніне үш рет ашқарынға 3 ай бойы ішсе кез келген обырды жойып жібереді. Бірақ мұның шарты бар: бірінші – қант, тұз, қамыр тамақтар жемеу (емдік қасиетін жояды), екіншісі – ванна, сауна сияқты булау жасау, үшінші – тәуір болып кететініне сену. Сондай-ақ сүзбе, қымыз, қымыран сияқты шипалы сусындар және күніне 2 литр су ішу. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғалымдар іскек жусаннан «Арглобин», ал Зұлхарнай Сейітов қымыздан «Лактоферрин» деген обырға қарсы дәрілер жасап шығарды. Бірақ бұл дәрілер үлкен сұранысқа ие болғанмен, сериялы өндіріске ие бола алмай отыр. Қазір дәрігерлер дертті көкөністер мен жеміс-жидектер жеп, ұдайы тазалау клизмасын жасау және денеге бұлау жасау арқылы ағзаны шлак-улардан, тұздардан, ісіктерді тазалау арқылы емдейді. Қанды тазалау үшін қалақай, не көк шай ішу. Хақім Ұлықпан: «Азанда анар, түсте жентектелген пиязбен тағам, кешке бал жесең, қаның тап-таза болар еді» деді. Көкөністер, жеміс-жидектер адам ағзасында сілтілі ортаны – PH 7.0-7.4 қалыптастырып, ауру туындауға жол бермейді.
Үшіншісі – күніне бес рет қозғалыста болу не кем дегенде бес километр жаяу жүру. Сондай-ақ бұқаралық спорт не «Бутейко», «Цигун» сияқты жаттығулар ұдайы жасау. Өкінішке қарай, бүгінде қозғалыстың аздығынан артериялық гипертензия, инсульт, инфаркт, қант диабеті, артроз, остеопороз сияқты аурулар тым көбейіп кетті. Дене қозғалысы жеткіліксіз (гиподинамия) болған жағдайда иммунитет күрт төмендеп, жалқаулық, ұйқышылдық сияқты азғындықтар басталады. Тұлға төмендей бастайды. Қозғалыстың аздығы ағзада оттегінің жетіспеушілігіне әкеліп, ерік-жігерді төмендетіп, өз-өзін бақылай алмай қалады, тіпті дұрыс ойлау қабілетінен айрылады. Ұлы Абай: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» десе, Шәкәрім айтады: «Еріншектік – салақтық, салақтықтан – надандық. Бірінен бірі туады. Жоғалар сөйтіп адамдық» дейді. Ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы обырдың алғашқы сатысын күміспен емдеген. Сырқатқа берер суға үнемі күміс салып отырған. Суға салғанда күміс иондары бөлініп жылдар бойы жиналған токсиндерді ыдыратып, иммунитетті күшейткен. Неміс ғалымы Р.Бекер: «Күміс әсерінен ағзада пайда болған иммундық жүйені нығайтатын жасушалар обырды жояды» деді. Сондай-ақ, күміс қызыл иекті шыңдап, жүрек қызметін ретке келтіреді.
Төртіншісі – «Жақсы күлкі – денсаулық мүлкі» дегендей күніне бес рет рахаттанып қарқылдап күліп, жадырап-жайнап отыру. «Мазасыздық пен қорқыныш – адамды құртатын теріс эмоция. Сондықтан босаңсу, мүлгу, медитация, психотерапияға жүгініп, 6-8 сағат жақсы ұйықтап, бір сәт уайым-қайғыны ұмытып, бір сәт мұңсыз болу, көңілді басқа жаққа бұру. «Күлкі – өмір кілті. Кім күле біледі, сол әлемді билейді. Күші мол ашу-ызадан құтылар, күлкісі мол қайғыдан құтылар», дейді халқымыз. Ең болмаса жымиып, күлімсіреп жүріңіз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Бұрынғылар біреуге ренжіп ашуланған адамды көрсе, ол – әлі өзін танымаған жан деп айтатын» дейді. Ұйғырлар: «Қарға қарқ-қарқ деп өз көңілін өзі көтереді» дейді, ал қазақ «қайғысыз қара суға семіреді» дейді. Ақиқатты мойындап, болған іске болаттай болу, Алладан әр нәрсенің түбін, қайырын сұрау.
Бесіншісі – күніне бес рет тәубеге келіп, бес рет «Әлхамдулиллах» деп өміріңе, тағдырыңа, отбасыңа, ризығыңа риза болу, қанағат тұту. Бүгінде адам таңдаудың көптігінен қанағатсыздық деген ауруға ұшыраған. Ең ауыр дерт – сана дерті. Ниетің тазарып, көңілің кіршіксіз болып, жүрегіне иман қонбай, санаң сауықпайды.
Баккого: «Аурудан жазылып кетемін деп ойлаудың өзі – сауыққандық» дейді. «Тәубесі бардың тауасары бар», «Тәубеменен төрт дүниең түгенделер», дейді халқымыз. Жаның сауықпай, тәнің сауықпайды, яғни тәубеге келген адамның жүрегіне иман кіреді.
Скрининг тексерулерден өтіп, ұдайы сілтілі диетаға отырып, денсаулықты тек Алладан сұрап, жан мен тәнді бірдей сауықтырып отыруымыз керек. Бөлтірік шешен: «Жан мен тәнді бірдей сауықтыру үшін жеті нәрседен қашып жүр» деді. Бірінші, «күншілдік» деген бар, содан сақтан, екінші, «кекшілдік» деген бар, содан сақтан, үшінші, «астамшылық» деген бар, бұдан алыс жүр, төртінші «қараулық» деген бар, содан қалыс жүр, бесінші, «бәлеқорлық» деген бар, одан ада бол, алтыншы, «ынсапсыздық» деген бар, содан таза бол, жетінші, «сараңдық» деген бар, одан қашып жүр деген.
Сәтсіздіктерді ұмытып, ауыр мұңға батып торыға бермей, Құдай қаласа сауығып кетемін деп ойлап, тәнің бекем, рухың асқақ болсын! Құдайға күніне бес рет құлшылық жасап, бес рет көкөніс жеп, бес рет қозғалыста болып, бес рет рахаттанып күліп, бес рет тәубеге келу – денсаулық сақтаудың және ұлт саулығының басты кепілі демекпін.
Бекпейіс ҚОЙЛЫБАЙ,
дәрігер-травматолог.
Шиелі ауданы
syrboyi.kz