ЖАУАПКЕРШІЛІК ӘРҚАЙСЫМЫЗДЫҢ МОЙНЫМЫЗДА

Жалпы коронавирус дертімен күресте нәтиже танытқан елдердің ең бірінші айтары – бұған халықтың өз жауапкершілігі. Әрбір адам саналы әрекеті арқылы аурудың етек жаюына жол бермейді. Бұл тұрғыда біздердің де өз жерлестеріміздің салғырттықты қойып, әрқайсысы өзінің, отбасының, айналасының амандығы, денсаулығы үшін қауіпсіздік ережелерін сақтауда әрдайым мұқияттық танытып отырғанын қалаймыз. Той-домалақ, құдалық, туған күн іспетті адамдар жиналатын шараларды кейінгі жақсы күнге ысырып қоя тұрған дұрыс.
Кейде әлеуметтік желілерде осы күресті күлкіге айналдырғандардың, аурудың аса қауіптілігін түсінбестен өзім білемдікпен жоққа шығарушылардың азаматтық санасының саяздығына ренжиміз.
Бір өңір, бір ел емес, әлемді өзінің жойқындығымен есеңгіретіп отырған осынау дерт біздің әрқайсымыздың отбасымыздың шырқын бұзбаса екен деп тілей отырып, жерлестерімізді сабырлыққа, тазалыққа, жауапкершілікке, санитарлық, денсаулық мекемелері қойған талаптарды мүлтіксіз орындауды сұраймыз.
«Денсаулық – зор байлық» деген халық даналығын ұмытпайық.
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі