Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Індетке қарсы күресте бір болайық

Індетке қарсы күресте бір болайық

Бүгінгі таңда әлемді жаулаған коронавирус індеті дүниежүзі елдерінің экономикасы мен адамдардың өміріне өте үлкен қауіп төндіруі әбден мүмкін. Нақты айтқанда, біздің елдігіміз нағыз сынға түсетін кезең.Дегенмен, осындай қиын кезеңде елімізде атқарылып жатқан жаңа жобаларды, індетке қарсы атқарылатын жұмыстарды көріп көңілге сенім ұялады. Әлем елдерін дүрліктіріп отырған пандемияның жылдам таралуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық алдына шығып, екінші мәрте өз мәлімдемесін жасады.
Осы орайда мемлекетімізде төтенше жағдай жарияланып, Қазақстанға вирустың жаппай таралып кетуіне жол бермегендігімізді нақты жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта ахуалды бақылауда ұстайтындығын атап өтті. Президентіміздің қиын шақта жасаған мәлімдемесі ел еңсесін бір серпілткені жасырын емес. Осындай ауыр кезеңде бірнеше келелі істерге келісті тұжырымдама жасады. Атап айтқанда, пандемияға қарсы күресте алдыңғы шепте жүргендерге қосымша қолдау көрсетілетін болды. Соның ішінде, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемақы төленетіндігі баршамызға аса зор жігер беріп, жауапкершілік жүктеді. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесінің оң шешім тапқандығы дәрігерлер қауымының қоғамдағы өзіндік орнын тағы бір айқындап берді деуге болады.
Атап өту қажет, әлемге таралған бұл індетпен күресу бағытында Арал ауданаралық ауруханасында да ауқымды шаралар қабылданып, қажетті шаралар жүргізілуде. Қазіргі таңда «Арал ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ-ы КМК-ы бойынша 2019-nCoV инфекциясын жұқтырып алудың алдын алу іс-шаралары бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 3 ақпанда бекіткен «Жаңа короновирусты инфекцияға күдікті науқастар анықталған кезде жүргізілетін санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар алгоритміне» сәйкес аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен бірлескен бұйрықтары шығарылып, арнайы жұмысшы топ құрылды.
Аудан көлеміндегі емдеу-сауықтыру мекемелерінде, аудан тұрғындары арасында короновирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы халыққа арналған жаднамалардың дайындалуы, жеке қорғаныш құралдарының дезинфекциялау заттарының, дәрілік препараттардың қорын жасау, медицина қызметкерлері үшін жедел әрекет ету, профилактика, дезинфекциялау режимін сақтау шараларының дайындығы тексерілді. Бұдан бөлек, ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінен 45 төсек провизорлық стационар және қосымша жүйке аурулар диспансерінің 3-ші қабатында 7 төсек орындары дайындалды.
Казіргі таңда Арал ауданаралық ауруханасында: суға төзімді бір реттік костюм, көп суға төзімді коп реттік костюм, бір мәртелік бетперде, Респиратор № 95, балаларға арналған бір мәртелік бетперде, төрт қабатты бетперде сынды медициналық бұйымдардың қоры жеткілікті деңгейде жасақталып отыр.
Сонымен қатар, аудан көлемінде халық арасында коронавирус инфекциясының алдын-алу шаралары жөнінде санитарлық ағарту жұмыстары кең көлемде жүргізіліп келеді. Арал ауданына шет елден және республикамыздың өзге қалаларынан келген студентер мен тұрғындардың және уақытша келген тұрғындар туралы мәліметтер алынып, күнделікті бақылау жүргізілуде.
Осындай сәтте халықтың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлікте болуы аса маңызды деп санаймын. Көпшілікті қорқыныш пен үрей мазалайтыны сөзсіз. Ол орынды. Соның өзінде даурықпай, сабырлық сақтау керек. Біз бірге екенімізді естен шығармайық.
Лаура Әділбаева,
Арал ауданаралық ауруханасы Бас дәрігерінің
бастапқы санитарлық медициналық көмек
жөніндегі орынбасары.
02 сәуір 2020 ж. 639 0