Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттен қолдау мол

Мемлекеттен қолдау мол

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін республикалық телеарналар арқылы мәлімдеме жасағанына куә болдық. Осындай сын сағатта ел Президентінің мәлімдемесі барша халыққа жігер берді деп анық айта аламын.
Иә, 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адамның бойынан табылған коронавирус дерті әлем елдерін алаңдатып отырғаны белгілі. Жаһандық мәселеге айналған сырқат "Қазақстаннан да табылды" дегенде абдырап қалғанымыз жасырын емес.
Міне, осы тұста Мемлекет Басшысы барша қазақстандыққа телевизиялық үндеу жолдап, халықты сабырға шақырған болатын. Сонымен бірге бірқатар тапсырмалар жүктеген еді. Бүгінгі мәлімдемесінде соның нәтижесінде вирустың жаппай тарап кетуіне жол берілмегенін, халық саны Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде вирус жұқтырғандардың саны ондаған есе көп тіркелгенін атап өтті.
Рас, осы сөздері арқылы елге демеу болды десем артық емес. Себебі дәл қазіргі таңда мемлекеттен үлкен қолдау қажет-ақ.
Экономикалық және әлеуметтік салдарын да тигізетін төтенше жағдай режимі кезінде дағдарыстың алдын алу үшін бірнеше шешімді айтып өткен Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым, – деді. Бұл біз үшін үлкен көмек.
Міне, елге жасалған осындай тиімді жағдайлар дертпен күресте жеңуге бастайтын басты себеп болатын фактор болмақ. Тек барлығын сабырмен ғана бағындыруға болмайтынын ұмытпайық.

А. ӘДІЛОВ,
қала тұрғыны
31 наурыз 2020 ж. 1 198 0