Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлі де сақтық қажет

Әлі де сақтық қажет

Президенттің жаңа мәлімдемесімен танысып, көптің көкейінде жүрген біраз сұраққа жауап алдық. Мемлекет басшысы әлемді алаңдатқан індетпен күресте қабылданған шараларға тоқталды. Әрине жаһандық пандемия көп елдің алаңдатушылығын тудырды. Бұл ауру бізді де айналып өткен жоқ. Алайда еліміздегі жедел қабылданған шешімдердің арқасында індет айтарлықтай асқынбады деуге болады.
Президент мәлімдемесінде коронавирусқа жеңіл-желпі қарауға болмайтынын айтқан. Карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп алуымыз ықтимал екенін түсіндірді. Оның қауіптілігін бүкіл әлем мойындап отыр. Дегенмен қазір елдегі жағдай бастапқыдай емес, біраз саябырсығанын да ескеру керек. Міне, еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдады.
«Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы.
Заңға сәйкес 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталады.
Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет» деді Президент.
Сонымен қатар төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын екенін де атап өтті. Бұл – көптен бері үйден шықпай отырған азаматтарымыз үшін қуанышты жаңалық. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ» деген ойын жеткізді. Елдегі қабылданған шешімдер осы сөздің айқын дәлелі десек болады.
Қ. Жұбанышев,
қала тұрғыны.
28 сәуір 2020 ж. 860 0