Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы амалдар жаршысы

Жақсы амалдар жаршысы

Наурыз келді. Сірескен тоң сетінеді, жұрт қалың киімін тастап, жылу әкелер айдың жақсы дәстүрін қайта жаңғыртып, көрісу әрі амал мерекесін тойлап жатыр. Әлемжеліні ашып қалғаннан-ақ ел болып бір-біріне жақсы тілегін жаудырып жатыр. Бұл – жақсылықтың нышаны. Апта басында көзіміз жеткен жақсы амал осы деп пайымдадық. Бұл енді дәстүрдің озығы. Тозығы деп айтуға келмес. Себебі бұл мерекені қазақ әлі ұмытқан жоқ. Тіпті еліміздің батыс аймақтарында осы мерекені таңмен таласа тойлауға кірісіп кетеді.
Иә, сәлемдесуді сауап деп білген халқымыз алыстан келген адамға арнайы сәлем беріп, мал-жанның амандығын сұрасып келген. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» деген тәмсіл осы сәлемдесу дәстүрінен қалса керек. Ал қазақ халқы ақ жаулық тағып, «келін» деген киелі атқа ие болған және болатын қыз баласына сәлем беруді емес, көбіне сәлем салудың әдебін үйреткен. Сондықтан сәлемдесудің ер мен әйелге тән айырмашылығын халқымыз ерте бастан ұғынып, оны дәстүрге сай дәріптеп отырған. Біз бұл сәлемдесуді халқымыздың тұрмысында бар амал (көрісу) мерекесімен тығыз байланыста болғандықтан айтып отырмыз.
Бүгінде ұлық мерке алғышарты наурыз айының 14 жұлдызынан бастау алатын амал мерекесімен ұштасып жатыр. Қазіргі уақытта осы мереке өз мәнінде аталып өтілуде. Биыл да бұл дәстүр қазақ халқы үшін үлкен қолдау мен құрметке ие болды. Жер-Ана қайта түлеп, қыстың қақары қайтып, шуақты көктем шапағын төккен шақта сағынысып көріскен ағайын жаңа күннің туғанын ортақ той ретінде атап өтіп, ел мен ел көрісіп, жыл басы 22 наурыз күні қарсаңына орай мәре-сәре болады. Бұл күні қыс бойы көріспеген жандар, ескі жылда қалған өкпе-реніштерді ұмытып, жаңаша бір жылға аяқ басатын сәт деп қабылдаған. Ол күні бір-бірін көрместей болып ренжіскен екі жақты ел үлкендері өзара татуластырған. Көңілдері мұз болып қатқан жандарға «Бұл күні Самарқанның көк тасы еріген, сен сол тастан да қатты емессің ғой», – деп басу айтатын болған. Осылайша, ренжіскен екі жақты татуластырып, туыстық қарым-қатынасқа негізделген достықтың қадірін арттырып отырған. Міне, терең мазмұнға бай амал мерекесінің мәні мен мағынасы осында жатыр.
Иә, біздегі көрісу дәстүрі Наурыз мерекесінің бастауы ретінде аталып өтілуінің себебі де осы шығар. Сондықтан да ағайын-туыспен көрісіп, кеуілді бірлеген халқымыз көктем шуағымен қатар келген көрісу дәстүрін еш ұмытпай келеді. Оны бүгінде тұрмыста көп қолданбасақ та, наурыз айының ортасынан бастап, яғни, күн мен түн теңесіп, мал-жанға жайлы қолайлы уақыт келгеннен бастап тойлатып жатамыз. Осы амал мерекесінің келгені Ұлыстың ұлы күні келгенін байқатса керек. Мереке құтты болсын!

А. ҚАРАСАЙ
15 наурыз 2022 ж. 490 0