"Ал, қанекей, әжелер!" сайысы өткізілді
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы әлеуметтік қызмет көрсетілетін қарт әжейлер арасында «Ал, қанекей, әжелер» атты сайыс өткізілді.
Ақжаулықты аналар мен ардақты әжелердің өнегесін үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов қатысып: -« Ежелден келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бүгінгі ұрпаққа жеткізуде біздің қарттарымыздың орны ерекше екендігін жақсы білеміз. Соның ішінде асыл әжелеріміз қазақы дәстүрлерді берік ұстанып, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде. Бүгінгі жарыста өз өнерлерін ортаға салып, түрлі кезеңдер бойынша сайысқа түсетін ақ жаулықты әжелерімізге сәттілік тілеймін!»-деп ізгі лебізін білдірді.
Сайыс ережесіне сәйкес 5 кезең бойынша бақ сынасқан әжелер өз өнерлерін ортаға салып, қолөнер бұйымдарымен таныстырып, ұлттық тағамдарды әзірлеу жолдарын көрсетті. Сонымен бірге қазақы салт-дәстүрлерден қойылған көрініс көрермендер назарына ұсынылды.
Ұлттық құндылықтар насихатталған шараға қатысушыларға «Алтын әже», «Шебер әже», «Балқаймақ әже», «Әнші әже», «Мейірбан әже» номинациялары мен гүл шоқтары табысталып, иықтарына ақ жаулық жабылды.
"Толқын" ақпарат