Жамалған жаңа аяқ киім
Маған аяқ-киім шақ келмейтін. Бала күнімде әрине. Күн суыта аяққа киілетін қара немесе сұры аяқ киімнің бір айдан соң сұрқы қашып, Шолақтың сақау бәтеңкесі секілді қонышы жапырылған күй кешетін. Әсіресе оң аяқ киім. Өйткені сол аяққа қарағанда оң аяқ киім көп қимылдайды. Доп тебетін, жер тебетін, тас аударып, түзгін сындыратын да оң аяқ киім. Қызметі көп болған соң ба, сол жаққа қарағанда тез тозатын. Ал сол аяқ киім қызметі өтпестен сыңарымен бірге қоқыс сарайға қарай жөнелетін-ді.
Бірде анам қалаға баратын болды. Ол кезде жол жүретін көліктер қазіргідей УАЗ немесе Патриоттар емес. Бірыңғай ГАЗ-66 немесе трактор. 60 шақырым жолды 6 сағатта жүріп өтетін әлгі көліктер үшін бір күнде аудан орталығына барып-қайту оңай шаруа емес. Сол көлікпен ертесімен жолға шығуға дайындалған анама жаңа аяқ киім тапсырдым. Ол кезде балалардың көбінде «аляска» деген жазуы бар ұзын қонышты аяқ киім болатын. Маған да сондай керек деп ертелі зарлаған мен дәл жол жүрер сәтте «жарайды» деген жауап алдым. Араға бір күн салып мен сарыла күткен сырты шүберек, табаны қалың, қонышы ұзын жып-жылы әрі жаңа аяқ киім ала сөмкеден атып шықты. Ойын баласы үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Ол кездерде балалар болып ләңгі тебетінбіз. Ал әлгі жаңа аяқ киім болса сол ләңгіні дәл тебуге ыңғайлы болатын. Оның алдындағы бәтеңке табаны тықылдап, ләңгіні дұрыс бағытқа ұшыруға келмейтін-ді. Содан не керек, тілегі орындалған мен үшін ендігі мақсат – ауыл балаларына қосылып, ел жатамын дегенше ләңгі тебу немесе төбеден төмен сырғанау.
«Баланың шаршадым дегеніне сенбе, қарным ашты дегеніне сен» дейтін еді ғой үлкендер. Сол секілді шаршауды білмейтін шақтарда ертесімен тұрып ойынға асығу біз үшін дәстүрге айналған еді. Әкенің айқайымен қорадағы бірлі-жарым жұмысты жайғастырған соң ойынға қарай ығысатынымыз бар. Мектептен үйге жеткен бойда жаңа аяқ киім жылы жерге жайғасады да, орнына әлгі көне бәтеңке шығады. Бірақ бұл жолы олай болмады. Өйткені әлгі алясканың қызуы басылмаған кез ғой. Үйдегілер көзді ала бере мектептен келіп тұрған әлгі жаңа аяқ киімді қайта киіп, ойынға кеттім. Қырсыққанда бірге ойнайтын балалар жиналып ауыл шетіндегі Қазыбай ағаның үйіне дүзгін тасуға барғалы жатыр екен. Әттең үйге барып ескі аяқ киімді киіп келейін десем үлгермеймін. Көлік жүргелі тұр. Не болса да қалмау керек. Қарғып трактордың тіркемесіне жайғастық. Ауыл сыртында шабулы тұрған дүзгінді тіркемеге тасудың өзі үлкен жұмыс. Ал үлкендер болса ондай жұмысқа баланың көп көмегі тиерін жақсы біледі. Сонымен не керек, аяғымдағы әлгі жаңа аяқ киімді дүзгін, жыңғылдардан қорғай жүріп, қайтар сәтке де жақындадық. Далаға қараңғы түсіп кетті. Күн салқындап барады. Жанталасып биіктігі бір үйдей болатын дүзгін тиелген тіркеменің үстіне шығып жатқан сәттен-ақ «шырт» деп әлдененің жыртылған даусы шықты. Оған қарайтын шама жоқ. Бәріміз тіркеме үстіне тиеліп, ауылға да жеттік-ау. Аляскама қарайтын бет жоқ. Қадам санап, басым салбыраған күйі үйге кірдім. Жарыққа енген сәтте әлгі аяқ киімнің ақ мақтасы көрініп, жұлым-жұлымы шыққанын бір-ақ көрдім. Үйге ештеңе деместен есіктің қайырылысына аяқ киімді ығыстырып, жылы төсекке жата қалдым.
Ертеңгі таңның мен үшін қалай басталғанын білсеңіз ғой. «Бұл баланың киімге жебірлігі шаршатты. Ай сайын аяқ киім, апта сайын шұлық. Қолғапты екі бастан екі күнге жеткізбей жоғалтып тынады. Енді мынау кеше әкелген аяқ киімді жыртып тынды» деген анамның сөзін естісем де, төсектен тұрып жанына баруға батылым барар емес. Сол сәтте мен жатқан бөлменің есігі ашылды. Қабағы қатулы анамның сол кездегі бейнесі әлі күнге естен кетер емес. Қысқасы, сол күні сабақтан қалдым. Әкем жарықтық менің қандай қателігіме болмасын өте байыппен қарайтын. «Бүлдірмей бала өспейді» деп менің кез келген қателігімді кешіруге дайын тұратын еді. Сол жағдайда да анама басу айтып, менің қателігімді бір ауыз сөзбен ақтап берген әкем әлгі жаңа аяқ киімнің жыртылған жерлерін қайта тігіп берді. Соған қарамастан, менің ойыныма ең көп шыдаған аяқ киім сол болды. Қысқасы, сол алясканы бір қыс бойы киіп шықтым.
А. ҚАРАСАЙ