Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада мемлекеттік қызметшілердің саны қысқартылды

Қызылордада мемлекеттік қызметшілердің саны қысқартылды

Мемлекеттің дамуына мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі мен салмағы ерекше. Мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімді жүзеге асуы да мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне байланысты.
Өткен жылы мемлекеттік органдардың құрылымына жүргізілген оңтайландыру жұмыстарына байланысты Қызылорда облысындағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 330 бірлікке қысқартылды. Жыл басына Сыр өңіріндегі мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 3 345 бірлікті құрап отыр. Олардың 14-і саяси, 1-і «А» корпусының және 3 236-ы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері болып келеді.
Мемлекеттік қызметшілердің 94,6 пайызының жоғары білімі бар. Ал, 5 пайыздан астам арнаулы орта білімі бар тұлғалар негізінен аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарды атқарады. Сондай-ақ, аймақтағы 7 қызметшінің ғылым кандидаты, 1 қызметшінің ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар. Мемлекеттік қызметшілердің қатарында «Болашақ» халықаралық бағдарламасының – 4, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының – 19, шетелдік оқу орындарының – 29 түлегі болса, екі немесе одан көп білімі иелерінің саны – 762 адам болып отыр.
Мемлекеттік қызметтегілердің орташа жасы41 жасты құраса, басым бөлігі, 33 пайыздан астамы 30 бен 40 жас аралығындағылар. Ал, қызметшілердің мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 12 жылды құрап отыр. Әрбір үшінші қызметкердің 3 жылдан 9 жылға дейінгі аралықта жұмыс өтілі бар, олардың үлесі – 33 пайыз.
Аймақта меритократия қағидаты, яғни қызмет барысында сатылап өсу талабы нақты жүзеге асырылуда. Оған дәлел, соңғы жылдары мемлекеттік органдағы ішкі конкурстар арқылы жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалғандардың үлесі жыл сайын артып, өткен жылдың қорытындысымен 76,7 пайызға жетті. Ал, конкурс өткізілместен бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға ауысу тәртібімен жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалғандардың үлесі 34 пайызға жуықтады.
Былтыр облыс бойынша мемлекеттік органдарда бос лауазымдарға орналасуға 499 конкурс өткізіліп, 356 үміткер бос лауазымдарға қабылданды. Жалпы конкурстар нәтижесімен бос лауазымдарға қабылданған азаматтардың 44,2 пайызы мемлекеттік қызметтің табалдырығын алғаш аттанғандар. Конкурстардың әңгімелесу сатысының барлығы дерлік қоғамдық байқаушылардың қатысуымен өткен. Қоғамдық байқаушы ретінде конкурстардың тең жарымына мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның, яғни Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері қатысса, басқаларына жергілікті деңгейдегі мәслихат депутаттары, саяси партия, БАҚ, ҮЕҰ өкілдері және басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері байқаушы болған.
Бақытжан НҰРАЛЫ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы
31 наурыз 2022 ж. 358 0