Қарт Аралдың бүгіні мен ертеңі
Арал теңізі құриды деген ғылыми болжам бар: шындық па, дақпырт па? Қазіргі Арал теңізінің экологиялық проблемалары осы жүйедегі бүгінгі таңда әлі шешімі табылмаған күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Бұрынғы теңіздің астауын сақтап келген қысым бірте-бірте азайып, енді теңіз түбінің көтерілу процесі бастау алды. Демек бұл процесс негізінен екі бағытта, яғни, оңтүстіктен солтүстікке, шығыстан батысқа қарап бет ала бастады. Осыған орай кейбір ғалымдардың есептеулері бойынша Арал теңізі түбінің бүгінгі көтерілу жылдамдығы жылына 5-7 миллиметр, ал жарты ғасырдан кейін 50-70 сантиметрге жетеді екен. Сөйтіп жергілікті тұрғындардың тіршілік етулері жыл өткен сайын оларды айтарлықтай қусырып, қиындатып барады. Сонымен бірге бұл аймақта жылына 15 рет катты дауыл соғып, тұзды шаңды жүздеген шақырымға таратады. Яғни майда тұз аралас шаң атмосфераның ағынымен сонау Қиыр Шығыстағы Амур өзенінің бассейніне және АҚШ-тың Оңтүстік Штаттарына дейін жетіп тұрғанын дәлелдейтін деректер өз алдына. Міне, соған қарағанда, бұл құбылыс келешекте жақсы үміт күттірмейтін сияқты. Өйткені қазіргі Арал апатын, оның айналасында жан-жаққа етек ала жайылып бара жатқан сор шаңдақты, бұрқыраған шөл даланы көргенде, Африкадағы әлемге әйгілі Сахара шөлі көзге еріксіз елестейді. Ол аймақ та кезінде егінді, малды, гүлденген өлке болған. Бірақ кезінде сол жерді мекендеген халық табиғаттың заңымен санаспай, шаруашылықты қалай болса солай жүргізудің салдарынан ұланғайыр кең жер елсіз, сусыз шөлге айналған көрінеді.
Ал біз болсақ, сол кайғылы тәжірибені кайталауға бірте-бірте жақындап келеміз. Міне, осыған орай теңізді сумен толтырмағанмен, оның кепкен ұлтанындағы құм, тұз, шаңды ұшырмаудың тезірек бір амалын жасаған жөн. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін теңіз астының құпия ағыстары мен иірімдерін ғана зерттеген ғылым үшін жер асты суларының өзара карым-қатынас ағыс иірімдері әлі жұмбақ.
Елбасы Н. Назарбаевтың ұсынысымен Орталық Азия Елбасыларының 1993 жылдың қаңтарында Ташкентте қабылдаған шешімі бойынша 1993 жылғы 26 наурызда Қызылорда қаласында өткен Арал теңізі мәселелері жөніндегі 1-конференцияда жасалған келісім. Ол «Арал теңізі және Арал аймағы мәселелерін, экологиялық сауықтыруды, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді бірлесіп шешетін ортақ шаралар туралы келісім деп аталды. Оған бірнеше елдердің басшылары қол қойды. Келісімнің арнайы баптарында Арал теңізі бассейніндегі экологиялық дағдарысқа байланысты негізгі мәселелер нақтылы қаралды. Апаттың алдын алуға, қоршаған ортаны сауықтыруға және Арал аймағының, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, денсаулық сақтау, тұрмыстық қажеттіктерді өтейтін істерге тікелей назар аударылды. Келісімді орындаудың алғашқы шарты есебінде Халықаралық Арал қоры, Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық Кеңес құрылды, олардың ұйымдық мәселелері шешілді. БҰҰ-ның Бас Хатшысына Орталық Азия Елбасыларының атынан үндеу-хат жолданды. Онда Аралды сақтап қалуға, Арал аймағының келелі мәселелерін шешуге арналған шараларға дүниежүзілік қауымдастықтың назары аударылды. Арал мәселелерімен айналысатын Орталық Азия елдері (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан) Елбасылары Кеңесінің атқарушы органы. 1993 жылы 26 наурызда Қызылорда қаласында құрылған (қ. Арал теңізі мәселелері жөніндегі келісім). Кеңеске Орталық Азияның әр республикасы үкімет басшыларының орынбасарлары бастаған 5 кісі және бақылаушы ретінде Ресей Федерациясының өкілдері енді. Мемлекетаралық Кеңесті әр жылда Орталық Азия елдері кезекпен басқаратын болып шешілді. Алғашқы кезек Өзбекстан Республикасына берілді. Кеңес өзінің атқарушы комитетін, су мәселелері жөніндегі, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және экологиялық даму жөніндегі комиссияларын бекітті. «Сырдария» және «Әмудария» бассейндік су шығыны басқармаларын Кеңестің су мәселелері жөніндегі комиссиясы басқаратын болды. Кеңес өз жұмысын Халықаралық Араб қорымен және Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып жүргізді.
Арал aпaтынан зардап шеккен елдер басшыларының іс-қимылдарына көмектесуге бағытталған алғашқы халықаралық келісім 1990 жылдың 24-26 қаңтарында БҰҰ-ның қоршаған орта бағдарламасының (ЮНЕП) ұсынысымен жасалды. Бұл халықаралық құжат «Арал теңізін сақтауға арналған нақтылы іске дайындыққа қатысу» деп аталды. 1990 жылғы 11-12 қарашада хаттамаға қол қойылып, келісім заңды түрде бекітілді. Келісім бойынша оқымыстылар мен мамандардың қатысуымен «Диагностикалық құжат» жасалды. Бұл үлкен ғылыми-тәжірибелік зерттеу Арал апаты кеселінің бетін ашып берді, нақтылы іске бағдарлама жасауға себін тигізді. «Диагностикалық құжат» 1992 жылы 4 тамызда ЮНЕП-тің басқаруымен Женева қаласында бекітілді. Келесі сатыда Дүниежүзілік Банк пен ЮНЕП, ПРООН, ЮНЕСКО, т.б. мекемелер қосыла отырып, Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық кеңесінің және Халықаралық Арал қорының басшылығымен «Арал теңізі мәселелеріне нақтылы көмек Бағдарламасын» іске қосты. Бұл тарапта 7 бағдарлама, 18 жоба жасалып, ауқымды жұмыс қолға алынды.
Қазақстанның бастамасымен Арал теңізін қалпына келтірудің екі түрлі нұсқасы ұсынылды. Бірінші нұсқа – екі деңгейлі теңіз құру. Кіші Аралдан бөлек Арал орналасқан Солтүстік жағалауда мұхит деңгейінен 42 метр жоғары көкжиектегі Сарышығанақты 46 метр биіктікпен қалпына келтіру жоспарланған. Бұны жасау үшін шығанақ пен Кіші Аралдың қалған бөлігін бөгетпен бөліп, Сырдария өзенінен солтүстікке қарай 45 шақырым қашықтықта жетекші арна жасау қажет. Жоба жүзеге асқан кезде Кіші Арал екі су айдынының сарқырамасына айналады және теңіздің тұздылығы әртүрлі болады.
Екінші нұсқа – Көкарал бөгетін 46 метрге дейін ұлғайту. Осыдан кейін теңіздің реттелу қажеттілігі жоғалады және бөгетте шлюз тұрғызудың да қажеті болмайды. Кіші Арал суға толып, өзінің арнасына оралғанда теңізде кеме қатынасы жанданады. Бүгінде осы ғасырлық жобаның жемісін жағалау жұрты әлі де көріп келеді.
А. ТОҚСАНБАЕВА,
Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалы
«Балықшылар» музейі бөлімінің экскурсоводы