Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дания Еспаева: Бір адамның бірнеше банктен несие алуы мүмкін болмайды

Дания Еспаева: Бір адамның бірнеше банктен несие алуы мүмкін болмайды

Бір адамның бірнеше банктен несие алу мүмкіндігі болмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дания Еспаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Осы орайда интернет-алаяқтыққа байланысты тәуекелдерді төмендету және қарыз алушылардың борыштық жүктемесінің деңгейін бақылау мақсатында кредиттік бюроларға ақпаратты ұсыну мерзімдерін қарызға байланысты базалық мәліметтер бойынша 15 жұмыс күнінен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту көзделген.
«Қазіргі кезде несие алу саласында алаяқтық жағдайлары көп кездеседі. Неге осындай фактілер кездеседі? Әрбір қаржылық ұйым немесе екінші деңгейдегі банктер берілген несиелер туралы кредиттік бюроға жолдайды, онда берілген несиелердің базасы 15 күннің ішінде қалыптасады. Біздің түзетулерге сәйкес, несие беру ақпараттары бір күннің ішінде тіркеледі. Енді, бір-екі күннің ішінде 5-6 банкте бір мезгілде несие алуға тырысқан адамдарда мұндай мүмкіндік болмайды. Себебі кредиттік бюрода бұл адамның бір банкте несие алғаны туралы мәлімет тіркеліп тұрады. Сәйкесінше, оның қарыз жүктемесі есептеледі», – Дания Еспаева.
Осы орайда депутат несие алған адамның қарыз жүктемесін ескере отырып, басқа банк кредиттік бюро базасы арқылы бұл мәліметтерді көріп тұратынын айтты.
«Екінші банк қайтадан несие алуға келген адамның мүмкіндігін қарап, оның табысы несиені өтеуге жетпейтінін көріп, оның өтінішін мақұлдамайды. Сонымен қатар, бұл қадамдар интернет-алаяқтыққа да тосқауыл қояды», – деді Дания Еспаева.

kyzylorda-news.kz​​​
27 сәуір 2022 ж. 524 0