Қазақстанда көлік сақтандыру құны қайта қаралады
Қазақстанда көлік сақтандыру полистерінің құны әр өңірдегі жол апатының санына байланысты болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дания Еспаева айтты.
Норма Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдаған сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасына енді.
"Барлық автокөлік иесі сақтандыру полистерін сатып алады. Заңға кейінгі өзгерістер 2007 жылы жасалды. Жыл сайын сақтандыру полисінің сомасы тек АЕК-ке байланысты болады. Қазір заң жобасына сәйкес, жаңа өзгерістер енгізіледі. Енді сақтандыру құны неге байланысты болады? Біріншіден, автокөлік иесі тұратын аумаққа байланысты болады. Мысалы, Нұр-Сұлтанда жол апаты көп, ал Петропавлда сақтандыру жағдайы 25 пайыз. Полисті төлеу кезінде жол апаты ескеріледі. Мысалы, Нұр-Сұлтан мен Шымкенттегі және жол апаты аз тіркелетін СҚО-дағы жағдай ескеріледі. Сәйкесінше, СҚО жүргізушілері арзан сақтандыру алады", - деп түсіндірді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, жүргізушінің тәртібі де ескеріледі.
"Құқықбұзушылықтар аз жасалса, жақсы жүргізуші болса, онда полисті алу кезінде бұл ескеріледі. Бұл "бонус-малус коэффициенті" деп аталады, ол көлік иесінің қаншалықты тәртіпті екенін анықтайды", - деп қосты депутат.
Бонус-малус коэффициенті - әр жүргізушіге оның кінәсі салдарынан болған жазатайым оқиға бойынша сақтандыру төлемдері туралы мәліметтер негізінде есептелетін көрсеткіш. Бұл көптеген елде полис құнына әсер етеді.
baq.kz