Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңызы зор мереке

Маңызы зор мереке

Бұл мереке тәуелсіз Қазақстанда 1996 жылдан бастап Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы бірлігі күні ретінде аталып өтіліп келеді. Мерекенің кешегі өткен тарихына көз жүгіртсек, үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары жердің қамқоршысы әйел құдай Майяға табынған. Соның құрметіне көктемнің соңғы айын «май» деп атап, осы айдың бірінші күнінде серуендер өткізіп, тойлар жасады. 1 мамыр мерекесінің тарихы еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде 1889 жылдың шілдесінен атап өтіле басталды. Кеңес Одағында еңбекшілердің ынтымақтастық күні мемлекеттік мереке болып табылып, сән-салтанатпен атап өтілді. 1 мамыр мерекесі 1990 жылы еңбекшілердің ынтымақтастық күні ретінде тойланды. Сөйтіп мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын та­уып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.
Сол ынтымақ-бірліктің бір көрінісі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда еліміздің саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылады.
Ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттап келе жатқан мереке қазақ халқын көпшілікке үлгі етіп отыр. Қай кезден де қиын-қыстау заманның өзінде жақын мен жаттың балаларын өгейсінбей, өз бауырына тартқан ұлт үшін бұл қанға сіңген қасиет, ертеден келе жатқан тектіліктің анық үлгісіндей еді. Бір ғана ұлт болып емес, көп ұлтты мемлекетке айналып, солардың бірлігінің, жұмылған күшінің нәтижесінде біз бүгінгі күнге жеттік.
Ұлттар достығының ғажайып үлгісін кешегі ел басына күн туған қиын-қыстау отты күндері Кеңес халқы жаһанға паш еткен болатын. Бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманда осы үлгімізді, өнегемізді одан әрі тереңдетіп, дәстүр сабақтастығына сына түсірмеуге тырысуымыз керек. Қай ұлттың өкілі болмасын өзі туып өскен Отанның игілігі жолында төккен тер, атқарған еңбегімен ғана мәртебелі.
Ата-бабалары ежелден қоныс еткен өңірді тарихи отаны санайтын әрбір ұлт өкілінің кіндік қаны тамған жерге қалтқысыз ықыласын жазбай тануға болады. Өзге ұлт өкілдері тұрғылықты жердің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүр, жөн-жоралғыларын да жатсынбай өмір мазмұнына айналдыра алғанының өзі татулықтың нығайып, тұрақтылықтың салтанат құруына мықты негіз қалап отыр. Әр салада өзіндік жолын сала білген түрлі этнос өкілдерінің ел дамуына, аудан экономикасының өркендеуіне қосқан елеулі еңбегі өлшеусіз.
Қазақстан  –  бірлік пен татулықтың мекені. Еліміз небір қиындықты бастан кешірді, әрдайым ғасырлар көшінде тағдырдың теперішіне төтеп беріп келеді. Нәтижесінде, қазақ елі егемендігін алды, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал оның негізі, түп-тамыры – xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында. Осы тұрғыда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз»,– деген еді.
 «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған әрбір қазақстандық үшін бұл күн Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесіне айналған. Осындай бірлігі жарасқан, бейбіт елде татулықта күн кешейік, ағайын!
К. Махсұт
01 мамыр 2022 ж. 633 0