Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың телефонға тәуелділігі алаңдатады

Баланың телефонға тәуелділігі алаңдатады

Қазірде  ғаламторға тәуелділік атты жаңа дерттің пайда болғаны рас. Үлкендерді айтпағанда, бұл күнде жеткіншектер мен бүлдіршіндер де ғаламторға байланып отыр...
Бала тәрбиесі отбасынан басталады. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Әрбір отбасының арманы – баланы тазалыққа, имандылыққа баулып, әсемдікке, әдептілікке үйретіп, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Шыны керек, кейде ата-аналар ға­ламтордың баланың өміріне қаншалықты әсер ететінiне көңіл бөле бермейді. Ал балалардың психикасы бәрін сол қалпында қабылдайты­ны белгілі. Халық арасында «В контакте», «Мой мир», «Твиттер», «Фей­с­бук» сынды әлеуметтік желілер ке­ңінен танымал. Ал мінез-құлқы мен көзқарасы енді қа­лыптасып келе жатқан жеткіншектің ғаламторға тәуел­ді болуы қауіпті-ақ. Мәселен, ұялы телефондарға құмарлық күйзеліске түсіріп, тіпті психикалық бұзылуды тудыруы мүмкін.
 Денсаулықтың нашарлауына смартфонның тигізер әсері мол. Қазір балаларды смартфонсыз елестету қиын. Баланың заман ағымынан қалып кетпегені дұрыс шығар. Десек те кішкентайынан смартфонға телмірген баланың денсаулығы қалай болатынына да мән беру керек-ақ. Телефонға деген тәуелділік тек балалар арасындағы мәселе ғана емес, бұл қазіргі кезде жас-кәрі демей орын алып жатыр. Одан денсаулық пен ой-санамызға келетін зиянның қаншалықты екеніне назар аудармаймыз. Үлкендер тәуелді болып, жүйкелері сыр беріп жатқанда, өмірді енді бастаған балалардың психикасы қандай күйге түсетінін ойлаудың өзі қорқынышты.
Бала үшін барлық жаңа нәрсе қызықты. Ата-ананың назары, көңіл бөлудің жетіспеуінен бала оның орнын әлеуметтік желідегі қарым-қатынаспен толтырғысы келеді. Ал ата-ана әлеуметтік желіде отыруға рұқсат береді. Есейіп қалған балалар қатарынан қалғысы келмей, телефонсыз жүруді, әлеуметтік желіде белсенді болмағанын ұят санауы мүмкін.
Ресейлік ғалымдар ұялы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқындардың көз жанарына кері әсер ететінін анықтап отыр. Ғалымдардың жүргізген зерттеулері нәтижесінде сынақтан өткен тышқандардың барлығы дерлік көз жанарынан айырылған. Сондай-ақ зерттеу барысында сынақтан өткен хайуандардың иммундық жүйесі әлсіреп, бұзылғаны анықталды.
Психолог мамандардың айтуынша, бірінші кезекте баланың қолындағы гаджетті бірден алып қоюға тырыспау керек. Бұл деген баламен арадағы арақатынасты бұзып, жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін. Баланың жасына сай ой-санасын дамыту ойындарын тартып беріп, телефонды ұстау уақытын қадағалап, шектеу қою керек. Егер балада тәуелділіктің алғашқы сатысын байқасаңыз, оған ноутбук, компьютер секілді заттарды мүлде көрсетпеген дұрыс. Бала ол заттар туралы тез-ақ ұмытып, өзіне қызықты өзге істермен айналысып кетеді. Мектеп жасындағы бала үшін қызықты кітаптарды оқуға кеңес беріп, оларға смартфонды тәулігіне бір сағаттан артық ұстатпау қажет. Бала да адам, ол өмірді енді ғана танып келе жатыр. Сондықтан бірден айқайға салып, баланы күйгелектікке жеткізудің қажеті жоқ. Себебі ата-ананың айқайынан кейін телефонды тастағанымен, кейінгі оның әсері үлкен мәселеге айналуы мүмкін.
Сондықтан баламен мүмкіндігінше ашық және жиі сөйлесіп тұруды әдетке айналдырған абзал. Бос уақыт тауып балаңызбен сурет салып, жатарда ертегі айтып, балаңызға деген махаббатыңызды аямаңыздар дегім келеді.
Толғанай ҚОЖАЛИЕВА,
№283 орта мектеп психологі,
Сексеуіл кенті
04 мамыр 2022 ж. 2 045 0