Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желі ғасыр дерті

Әлеуметтік желі ғасыр дерті

Жексенбіде тәтемнің үйіне жағдай сұрасып барған кезім еді. Тәтемнің бір нәрсеге ренжулі, зілді даусы естілді: –Бүгінгінің балаларын-ай! Далаға шығып ойнау дегенді білмейді. Біреу аяғынан байлап қойғандай компьютердің алдында күні-түні телміріп отырады да қояды. Осы телефоннан не іздейді екен? – деп сөйлеп жүр екен. Әрине баласын жек көргендіктен емес, олардың бір мезгіл бой жазып, таза ауамен тыныстап, далада асыр салып ойнағанын қалаған болар. Тәтемнің де ренжитіндей жөні бар. Үлкен баласы компьютерге шұқшиып отырса, одан кейінгі екеуі телефонға таласып-тартысуда. Сондағысы – телефондағы ойынды бірінші болып ойнау.
         Бүгінде әр үйде компьютер, әр адамның қолында интернеті қолжетімді смартфон бар. Әрине компьютер адамзаттың заман талабына сай дамуына ықпал ететін құралдардың бірі, әрі оны кез келген адам меңгеруге міндетті екені айқын. Бүгінде компьютер біздің өміріміздің бір бөлігіне айналды. Тіпті заманауи технологияларды жетік меңгеру арқылы бәсекеге қабілетті боламыз. Үшінші жаңғыруды міндет еткен Жолдаудағы «Цифрлы Қазақстанның» негізгі компоненті информациялық технологияны меңгеруде екені даусыз. Яғни компьютерден де, ұялы телефоннан да қашып құтыла алмайсыз. Тек оны игілікке жаратуды үйренсек. Әсіресе балаға тиімді қолданудың жолын көрсете білсек болғаны. Жалпы, үйіңізде компьютер болса, ол ғаламторға қосылса, пайдасы шашетектен. Тағы бір артықшылығы – мемлекеттер мен құрлықтар арасындағы шекараны жойып, адамдар арасындағы қашықтыққа қарамастан бір-бірімен араласуға, сөйлесуге мүмкіндік беруінде. Кей адам ғаламтор арқылы мамандық алып, жұмысқа орналасып жатады. Бұлардан бөлек, ғаламтордың жолын білгендер табыс көзі ретінде қолдана алады. Соңғы жылдарда дәл осы ғаламтормен байланысты түрлі мамандықтар пайда болған. Өзіңізге керек мәліметті ғаламтор арқылы жылдам тауып алып, керегіңізге жарата бересіз. Ең бастысы, компьютерді пайдалану жұмыс өнімділігін арттыру болып табылады. Әрине ғаламтордың пайдасы мол екендігі даусыз. Алайда оның зияны да аз емес. Мәселен, ғаламтордың зияны жайлы сөз болғанда, ең бірінші қозғалатын тақырып – ғаламторға тәуелділік. Компьютер алдында ұзақ отырғанда, көбіне адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Ауру бірден басталмайды. Бірте-бірте шаршау сезімі жиі пайда болып, адамның ашуланшақ болуы байқалады. Есте сақтау қабілеті нашарлап, өмірге деген қызығушылығы азаяды. Ал Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы компьютер ойындарын құмар ойын қатарына енгізіп, ол адам психологиясының бұзылуына әкеп соқтыратынын алға тартуда. Жаһандық ұйым озық технологияны ұзақ пайдаланудың бала психологиясына қалай әсер ететінін саралапты. Біріншіден, ғаламтордағы шамадан тыс ақпараттар баланы жалқаулыққа душар етеді. Екіншіден, бала айналасындағы адамдармен қарымқатынас қабілетін жоғалтады. Үшіншіден, бала сол ойындарға тәуелденіп, ойынның құлына айналады. Төртіншіден, мұндай бала қоғаммен қатынасын үзеді екен.
         Бұл індет оқушылар арасында да жайылып барады. Тіпті бесіктен белі енді шыққан бала да осы ұялы телефонға әуес. Ұялы телефон, смартфон, планшет, тағысын-тағы. Бұл гаджеттер бүгінде кез келген жастың сенімді серігіне айналды. Интернеттің әлегіне түсіп, әлеуметтік желідегі ақпараттарды ақтарады. Жалықса виртуалды ойын ойнайды. Қаласа фильм көреді. Осылай денсаулығына аса мән бермеген уақыттар уақыт өте өзінің зиянын тигізеді. Бұл – ғылыми түрде дәлелденген дүние. Ресейлік ғалымдар ұялы телефоннан бөлінетін электромагниттік толқынның көз жанарына кері әсерін анықтағанына он жылдың жүзі болды. Дабылды ескертуді құлақ аспағандарға мысал болсын деп, осы электромагниттік толқындарды тышқандарға сынақ ретінде тәжірибе жасады. Нәтижесінде тышқандардың барлығы дерлік көз жанарынан айырылған.
         Балаларды ғаламтордан қорғайтын жалғыз періште – ата-ана. Баласының болашағын ойлайтын ата-ана қауіпті дерттің алдын алғаны жөн. Баланың бос уақытын тиімді пайдалану үшін ақыл-ойды дамытатын үйірмелер мен білім беру орталықтарына жаздыртқан абзал. Әрбір отбасында көрініс тауып отырған бұл құбылыспен қоғам болып күреспесе болмайды. Мамандардың «ғасыр дерті» деп атаған «компьютерге тәуелділіктен» сақтануды ата-аналар қаперінен шығармағаны дұрыс.
Ақтоты Шынықұл
15 қазан 2019 ж. 1 098 0