Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желі деген әлем бар...

Әлеуметтік желі деген әлем бар...

Қазір технология дамыған заманда ұялы телефонсыз өмір сүру әсте қиын. Жер бетінде ұялы телефон қолданатын 5,11 млрд адам болса, соның ішінде интернет желілерін 4,39 млрд адам қолданып отыр. Әлеуметтік желілерге 3,48 млрд адам тіркелген. Алыстағы жақындарымызбен хат алмасып, кейде видеомен де сөйлесіп, бір қуанып жатамыз.
Қазақстанда интернетті ұялы телефоннан – 64% , ноутбук –  26%  және смарт-ТВ 10%-ды  қолданып отыр. ВКонтакте, WhatsApp, Facebook, Instagram және Telegram секілді қазіргі уақытта көптің көңілінен шығып отырған желілер бар. ВКонтакте желісін 16-30 жас аралығындағы адамдар көп қолданса, Facebook желісін 20-40 жас, сонымен қатар однаклассники желісін көбіне үлкен жастағы ересек адамдар қолданып отыр. Ертеректе қазақ қоғамында жасына қарай әлеуметтік орны анықталса, қазір көріп тұрғаныңыздай желі де адам жасына орай жіктеледі. Ұнаған ақпарат пен суреттерге лайк басып, өз пікірлестерін табу арқылы таныстықтарын жалғастырып жатады. Тағдырдың жазуымен жұптары жазылмастай болып, отбасы құрып отырғандары да жетерлік. Күнделікті не істеп жатқандары мен қайда барып  жүргендеріне дейін достарын ақпараттандырып жүреді. Мой мир электрондық поштасын мемлекеттік қызметкерлер жұмыс барысында аса қажет етеді. Маңызды құжаттарын осы желі арқылы алмасып отырады.
Әлемде жыл сайын  100-ден астам адам әлеуметтік желілерден келген хат үшін өмірмен қоштасып жатады. Көбіне психологиясы қалыптаса қоймаған 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді өзіне қол жұмсауға итермелейтін түрлі ойын әдістері шыққан. Ойын соңында «өзіңе қол жұмсамасаң, отбасың мен жақындарыңа зиян тигіземіз» деп қорқытады. Бозбала мен бойжеткен амалының жоқтығынан осындай әрекеттерге барып жатады. Бірақ, қазір бұл ойындар атымен жоғалған деседі, яғни елімізде бұғатталып тасталған.
Әлеуметтік желі арқылы танысып, бетпе-бет кездесуге бел байлап, із-түзсіз жоғалып кетіп жатқан адамдар да бар. Біршама уақыттан соң жоғалған адамның өлі денесінің табылғанын естіп жатамыз. Көбіне бұл жағдай жасөспірімдер арасында белең алады. Қазіргі кезде бөгде адамның атынан, яғни  «фейк» арқылы адамды өз арбауларына түсіретіндері де жетіп жатыр. Сондықтан да желілер арқылы бейтаныс адамдармен сөйлеспеген жөн. Кей ата-аналар бала жыласа, қолына смартфон беріп жұбатып отырады. Экран алдындағы бала психологиясына кері әсер ететін түрлі мультиктерді қосып, сондағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерін қайталап жүреді. Бұл баланың тез ашушаң болып, берілген тәрбиені дұрыс қабылдамауына алып келеді.
Өмірімізде Алланың берген алтын уақытын бос өткізіп жатамыз. Үй шаруасын кейінге қалдырып, қолындағы смартфонына қарап отыратындары да жетерлік. Кейбіреуі бұл затты жұмыс барысында керек етсе, енді біреулері уақытты өткізу мақсатында жұмсайды. Ойларын еркін жазып, кейде тіпті сыни пікірлерді жазып жатады. Жеке тұлға басына теріс пікір білдіріп, заң алдында жауапқа тартылғандары тағы бар. Әлеуметтік желілерді дұрыс мақсатта қолданып жүргендері де баршылық. Өз бизнестерімен айналысып, сонымен қатар қайырымдылық жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Біз де мына қысқа өміріміздегі өз уақытымызды текке кетірмей, әлеуметтік желілерді қажетімізге жаратып,  ізденіс жолында іске асырғанымыз абзал. Күніне 2-3 сағатта бір аралап, болып жатқан жаңалықтармен танысып шықсақ жетеді емес пе?!
Айсәуле НҰРЛАНОВА,
ҚМУ-дың 3-курс студенті
24 маусым 2019 ж. 2 070 0