Зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері өседі

Жалпы облыста 243 мыңға жуық адамға зейнетақы мен жәрдемақы түрлері беріледі. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев мәлімдеді.
«ҚР Заңымен «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сәйкесінше, осыған дейін тағайындалған жасына байланысты зейнетақы төлемдері 4 пайызға индекстелді. Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты артады. Сондай-ақ, балаларға берілетін жәрдемақының көлемі айлық есептік көрсеткішінің негізінде көбейеді. Осыған сәйкес, сәуір және мамыр айларындағы жәрдемақы толықтай есептеліп маусым айынан бастап төленеді. Ал шілдеден бастап 1 айға көбейтілген мөлшерде берілетін болады», – деді Ертілеу Жалғасбаев.
kyzylorda-news.kz