Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмау ауруының алдын алған жөн

Тұмау ауруының алдын алған жөн

Тұмауды қоздыратын вирустар (микробтар) тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ тұмау вирусы науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және т.б. арқылы жұғады. Тұмауды тудыратын ауру қоздырғышы-вирустың бірнеше түрі бар. Екі - үш жылда бірнеше рет қайталанып тұруы және оны әр жағдайда әр түрлі вирус туғызуы мүмкін. Тұмау вирусы өте тез тарайды. Бір мезгілде бір облыс, өлке, тіпті бүкіл жер жүзі адамдарының жаппай ауруы мүмкін. Тұмау жылдың салқын кездерінде жиі, ыстық кездері сирек кездеседі. Тұмау вирусы күн сәулесіне және зарарсыздандырғыштар (хлор, қышқылдар, спирт және т.б.) әсерінен тез жойылады.      
Тұмау басталғанда адамның денесі дел-сал болып, көңіл-күйі нашарлайды және тағамға тәбеті шаппайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, бұлшық еттері сыздап, буын-буыны сырқырайды, мұрны бітеді, дауысы қарлығып, жөтеледі, тамағы қызарып, жұтынғанда ауырады, көзі қызарып жасаурайды. Адам дереу дәрігерге көрініп, емделсе, үш-бес күннен кейін дене қызу төмендеп, сауыға бастайды. Егер науқас тұмаудан жатып емделмесе, ауру асқынып өкпенің немесе ми қабығының қабынуы мүмкін.
        Адамзат тұмау ауруының зардабын көп тартты. Соның ішінде 1918 - 1920 жылдары болған испан тұмауының індетінен дүние жүзінде 25 млн. адам өлген. Бүгінгі күні адамның тұмаудан қайтыс болуы өте сирек жағдай, өйткені оны емдеудің және асқындырмаудың тиімді жолдары табылған. Тұмаудың алғашқы белгілері басталғаннан -ақ науқас ем шарттарын орындаса , тез арада жазылып кетеді. Ем алу кезінде тамақты жылы орау, көбіне сұйық тағам - лимон қосқан шай, көк шай, ыстық сүт, минералды су, пияз қабығының қайнатпасын, сарымсақ тұнбасын, емдік өсімдіктерді пайдаланған жөн. Сонымен қатар аурудан сақтанудың  ең тиімді жолы-тұмауға қарсы алдын ала егілу. Егу шарасының тиімділігі сол, адам егілгеннен кейін тұмаумен ауырмайды немесе ауырған жағдайда жеңіл көтереді.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы     
25 мамыр 2022 ж. 1 057 0