Маусым – жаздың алғашқы айы
![](/uploads/posts/2022-05/medium/1653890248_bd16be78d713400523bd18e819ad838d.jpg)
Халық маусым айының ерекшелігін: "Маусым еді күткенім, Келдің, Маусым, жадырап. Өсімдік, жәндік — бәрі де, Шілде қызуымен балбырап" деп өлең жолдарына арқау еткен. Маусымда ел төр жайлауға барып қоныстанып, халықтың жайлау рақатын көретін шағы. Шөп шабу, пішен дайындау маусымына байланысты ай да осылай аталған. Үнді, Еуропа тілдерінде "маусым" сөзімен төркіндес "муссон" термині бар, ол "жазда мұхиттан құрлыққа, ал қыста құрлықтан мұхитқа қарай соғатын жел" дегенді білдіреді.
Халқымыз табиғат тылсымын ежелден тұрмыс тіршілігіне қолдана білген. Бір жыл ішіндегі айналмалы қар, жаңбыр, ыстық, суық, аяз, жел, боран сияқты құбылыстарды бір сөзбен амал деп атаған. Қазақтың көне күнтізбесі бойынша амал дегеніміз – әр айда адамға, малға, егіс дақылдарына жайсыз және қолайлы жағдайларды межелеп отыруы. Сондай амалдың бірі – маусым айындағы Сартан-Зауза амалы. Бұл амал маусымның онында кіріп, он бесінде шығады. Сары атан түйеге мінген Зауза атты қыз құрбан айтта қыдырып, жолда үсіп өлген дейді. Содан Сартан-Зауза атанған.
Ал маусым айында өміргекелгендер уайымшыл, әрі жаны тез жараланғыш келеді. Істеген істеріне сергектікпен, байыппен қарайды. Табиғи дарынды, алғыр және мейірімді. Өзінің жақындарына тұйық көрінгенімен, сырт адамдармен ашық-жарқын шешіліп сөйлеседі. Дау-дамайдан алыс жүргенді ұнатады. Бұл айда туған ер адамдардың қызмет пен махаббатта жолы болғыш. Көрсеқұмар, әр нәрсеге қызыққыш, бірақ одан тез жалығады. Тазалық сүйгіш. Ал әйелдер үй тазалығына ерекше көңіл бөледі. Әдемі әрі қымбат ыдыс-аяқтарға қызығады. Мереке сайын болмашы сыйлық ұсынған адамды өмір бойы мақтап жүруге дайын болады.
"Қаз жайлайтын саздаймын, Наурыздан соңғы жаздаймын" дегендей, жан дүниемізге жан рақатын, жылылық сезімін сыйлайтын жаз айы әрбір отбасына жайлы болсын дейміз.
К. МАХСҰТ