Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сыр айбындары» әскери-патриоттық клубы жарысқа сақадай сай

«Сыр айбындары» әскери-патриоттық клубы жарысқа сақадай сай

«Айбын-2022» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында Сыр өңірінің намысын қорғайтын «Сыр айбындары» әскери-патриоттық клубы дүбірлі додаға қызу дайындық үстінде.
Әскери-патриоттық жастар жиыны осы жылдың 20-25 маусым аралығында Қарағанды облысындағы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің «Спасск» оқу орталығында өтеді. Сайысқа Қызылорда облысынан жарыс ережесіне сай 15 оқушы, яғни, 10 ер бала және 5 қыз бала қатысады. Осы жылы жас сарбаздар өздерінің дайындықтарын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің жанындағы әскери кафедраның оқу-жаттығу полигонында далалық жағдайда шыңдауда.
Жастар әскери-қолданбалы спорт түрлерінен, плащ түріндегі жалпы әскери қорғаныс жинағы мен газқағарды уақытқа кию, әскерилендірілген эстафета және АК-74 автоматын бөлшектеу, жинақтау сынды жарыс түрлерінен нормативтерді жоғары дәрежеде орындауға талпынып жатыр.
 – Республикалық әскери жиында Қызылорда облысының әр аудандары мен Қызылорда қаласынан жиналған талантты жастар бақтарын сынайды. Өтіп жатқан жаттығулардың нәтижелеріне сүйенетін болсақ, дайындығымыз жақсы деуге болады. Аталған жарыстан жеңіспен ораламыз деген ойдамын, – дейді Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Алмат Жақыпов.
Жыл сайынғы өтетін «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны еліміздің барлық аймақтарынан келетін жастарға ерік-жігер, намыс, қайрат сыйлайтыны анық.

        
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит ҚОНАРОВ
15 маусым 2022 ж. 786 0