Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейнеттің зейнетін көруді бұйыртсын

Бейнеттің зейнетін көруді бұйыртсын

Бүгінде көпшілік арасында қызу талқыға түсіп жатқан өзекті мәселелер бар. Сондай бір мәселе – халықтың зейнеткерлік жасы.
Бүгінде елімізде ерлер зейнетке 63 жаста, әйелдер 60,5 жаста шығады. Бес және одан көп бала туған және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жаста зейнеткерлер қатарына қосылады. Сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде бес жыл тұрған ерлер – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста шығатыны белгілі. Ал қарапайым тұрғындарды "зейнетке шығу жасы төмендетіле ме" деген сауал мазалайды. Осы мәселе зейнет жасына таяп қалған әрбір әйел адам үшін маңызды екені анық.
Жуырда сенатор Дана Нұржігіт Қазақстандағы азаматтардың өмір сүру жасы пандемиядан кейін төмендеп кеткенін, сондықтан жағдайды қайта қарап, оң шешім қабылдайтын кез келгенін айтқан болатын.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әйелдердің зейнет жасын азайту мәселесі туралы: "Біз қазір осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өзім әйелдер қауымымен кездесу өткіздім, жақсы ұсыныстар бар. Біз өз ұсыныстарымызды да дайындадық. Барлық мәселелер тікелей қаржы блогында қарастырылады. Бір байламға келгенде, міндетті түрде хабарын береміз. Дегенмен, әлеуметтік саладағы кез келген бастама қомақты қаражатты талап ететінін түсінуіміз керек",– дей келе,  зейнетақы жасын төмендету немесе көтеру мәселесі әрқашан бюджет қаражатына байланысты екенін атап өтті.
Осы орайда зейнет жасына байланысты жағымды жаңалықтан хабардар болған қала тұрғынының пікірін білген едік:
– Көпбалалы анамын. Отағасым екеуміз 5 баланы өмірге әкеліп, келін түсіріп, немере сүйіп отырмыз. Жасым 56-да. Мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс істеймін. Шынында да, әйелдердің орта жасқа келгенде экологиялық жағдайға байланысты денсаулықтың сыр бере бастайтыны белгілі. Жуырда сенатор Дана Нұржігіт әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа төмендетуді Үкіметтен сұрап сауал жолдаған еді. Расымен де бұл орынды ұсыныс деп ойлаймын. Бұл бір жағынан жасы ұлғайған адам еңбегінің зейнетін ертерек көретін болса, екінші жағынан жұмыссыз жүрген жастарға нәпақа табудың көзі болар еді, – дейді Ғафура Қосбармақова.
Иә, әр адам қарттық дендей бастаған кезден тартқан бей­нетінің зейнетін көргісі келетіні шындық. Хал­қымыз «жас кезімде бейнет бер, қар­тайғанда зейнет бер» деп бекер айтпаса керек. Елімізде қандай реформа жасалса да, үкімет ел азаматтарының бейнетпен тапқанының зейнетін көруіне қиындық тудырмаса екен.
К. МАХСҰТ 
25 маусым 2022 ж. 859 0