Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қанағат

Қанағат

«Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» дейді дана халқымыз. Қанағат туралы бізден бұрынғы бабаларымыз да талай даналық ойларын қалдырған. Конфуций, Аристотель, Әл-Фарабилерден бастап,қазақтың кешегі Ұлы үш биі де қанағат туралы ұлағатты лебіздерін білдірген.Ұлы Абайда:
Талап, еңбек,терең ой,
Қанағат, рахым, ойлап қой.
Бес асыл іс көнсеңіз,– дейді.
Бұл туралы қасиетті дініміз Исламда да, Құран-Кәрімде де, әз Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде де кең айтылған.
Бірақ соған қарамастан адам баласы күні бүгінге дейін қанағатсыздығын қояр емес.
Елімізде болған кешегі қаңтар оқиғасының да бір ұштығы осы қанағатсыздықта жатқан сияқты. Әйтпесе жастар неге негізінен сауда орындарына, супермаркеттерге шүйлігіп,тонады, өртеді. Өйткені олар әкелген заттарына үстемелей баға қосып, есепсіз байыды, халықты тонады. Осы күйімізге қанағат  етейік, шүкір деген жоқ. Мұхаммед пайғамбарымыз: «Сауда істеңдер, бірақ бағаны негізсіз өсірмеңдер, қанағаттан кетпеңдер» деген ғой. Бірақ олар оны естеріне алмады.
Қазіргі жастардың көпшілігі кітап оқымайды, сондықтан да рухани жағынан ой-өрістері әлсіз. Абай мен Шоқанға әңгіме, ертегі айтып отыратын Зере, Айғаным  сияқты әжелеріміз қазірде болса да жоқ. Сондықтан жастар қаңтар кезінде оқиғаның байыбына бара алмады.
Жақында теледидарды көріп отырып, бір хабарды естідім. Дамыған бір шет  елде ұшатын машина ойлап тауыпты. Жылдамдығы сағатына 200 шақырым, яғни АН-2 ұшағының жылдамдығы. 2025 жылға қарай жалпы сатылымға шығаратын жоспарлары бар екен. Бүгінде үй басына екі-үштен шетелдің лақса машинасын алып жатқан жұрт, ертең әлгі ұшатын машинаны үй бірінші алмасына кім кепіл?! Сонда бәрі аспанға ұшып шықса, онда көше ережесі ,светофор дегендер жоқ, бәрі  бір-біріне соғып, бытыра тиген құстай жерге топырлап түсіп жатпай ма? Бұл да қанағатсыздықтың бір түрі шығар.
Өткенде үйдегі машинаның мотор майына үстеме жасау үшін автол алайын деп дүкенге бардым. Бізге керегі "Мобил10х40" деген еді. Бұдан үш ай бұрын сол майдың бір литрі 2200 теңге тұратын, енді сол 4000, 4500, тіпті 5500 теңгеге дейін көтеріліпті. Капиталистік қоғам болғасын әрине бәрі болады, көнбеске амалың жоқ. Тек ол зат соншалықты алтын болып кетсе, әкелмей-ақ қойса қайтер еді дейсің ғой баяғы.
Үшінші класс оқып жүргенімде біздің үй Тәуіпте болды.Тұрған қыстауымыздың айналасы қалың жыныс жыңғыл. Ішінде қоян, қабан өріп жүреді. Оң жағымызда үш шақырымдай жерде колхоз бастық Әбіштікі, сол жағымызда ондай қашықтықта елдің айтулы ақсақалы Шораның үйі. (Кешегі өткен құрдасым Наурызбайдың әкесі). Екеуі де басқаларға қарағанда күйлірек, сауынға түйе, сиырлары бар.Сабаққа дейін сол үйлерге күн сайын алма-кезек барып, үш литрлік топатаймен сүт әкелем. Барып қайтқанша жыңғыл арасынан қабан шығып қалама деп зәрем ұшады. Берген сүтіне ешқандай ақы алмайды. Затты сатып алу, сатып беру деген ол кезде ойға да келмейтін. Сол үйлер күн сайын сүтті тегін бергені былай тұрсын,екі күннің бірінде өздері де үш-төрт литрлік ыдыспен шұбат, айран беріп тұратын.Тегін.Не деген қазақы дархан көңіл. Сол жерде маған нағашы болып келетін Қарабала деген кісі колхоздың бір отар қойын бақты. Кенжебай деген кісінің үйі мен біздің үй сол Қарабалаға сақманшы , яғни көмекші болды. Жерден қазылған бастырма үйде тұрдық. Бұл бастырма деген бір тамаша үй. Үйдің қабырғалары түгелдей жердің астынан қазылады. Материал кетпейді деуге болады, тек төбесі ғана жабылады. Үйдің ортасы пешпен бөлінген екі бөлмелі. Пештің екі жағында да ошақ. Екі ошаққа екі жақтан от жаққанда қысты күндері үйдің іші жанып кетеді. Тіпті көрпе жамылмай-ақ жатуға болады.Тек ыңғайсыз жері іннен шыққан тышқан сияқты жер астынан кіріп-шығып жүргенің. Үйдің бір жағында бала-шағасымен Қарабаланыкі, екінші жағында Кенжебайдікі мен біздің үй, яғни екі отбасы бір бөлмедеміз. Қалай келісетіндерін білмеймін, кешкі тамақты бір үй кезектесіп дайындайды. Содан бір қора адам болып бір дастарқаннан тамақтанамыз. Осылай екі жыл бірге қыстағанымыз әлі күнге есімде. Сонда солардың бірдеңеге ренжіп, дүз шайысып ұрысқанын, ал балалардың төбелескенін көрген емеспін. Бәрі де бір отбасының адамдарындай. Неткен татулық, неткен қанағатшылдық десеңші.
Бүгінде халқымыздың осы дархан көңіл, қанағатшыл мінезі азайып бара жатқан сияқты. Қит етсе не болса соған ренжісіп, кешірім дегенді ұмытып, бір-біріміздің көңілімізді қалдырып жатамыз. Әз Мұхаммед пайғамбарымыз да өзіне қарсы шыққан жауларын да әрдайым кешіріп отырған ғой.
Хадисте: «Кімде-кім қанағатпен іс қылса істеген ісі дұрыс шешіледі немесе соған жақын болады, қанағатсыз адамның ісі қате болады немесе соған жақын болады», – дейді.
Олай болса, ата-бабаларымыздан қалған ізгі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды әрқашан адал сақтап, бір-бірімізге мейірімді бола жүрейік.
Ж. ТӨРЕБЕКОВ
05 шілде 2022 ж. 703 0