Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Киік ату – мәселеден құтылудың шешімі емес

Киік ату – мәселеден құтылудың шешімі емес

Жер бедерінің климаты тұрақты сақталған түрлі өңірлер бар. Бірі шөлейтті болса, енді бірі сулы, нулы болып келеді. Соған қарамастан ол жерлердің барлығын түрлі жан-жануарлар мекендейді. Мәселен, Африкада шөлді жерлер көп. Алайда ол жерлерде де орман, сованналар бар. Онда ашатұяқтылардың түр-түрі, жыртқыш аңдардың саналуаны бар. Барлығы да табиғаттың өзара үйлесіміне сәйкес тіршілік етіп жатыр. Ал біздің өңірлердің климаты орташа белдеуде. Алып бара жатқан ыстық та емес, Сібір сияқты суық та емес. Демек Қазақстанның құлан жортқан иен даласына жүгірген аң мен ұшқан құстың түр-түрі сыяды. Солай бола тұра, шаруалар шағымданды деп киік атуға рұқсат бергеніміз қай сасқанымыз?!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киік санын реттеу мәселесін шуға айналдырған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовке сөгіс жариялады.
– Киік популяциясының одан арғы тағдыры төңірегінде түсініксіз әуре-сарсаңға салып, пікірталас тудырғаны үшін сөгіс жариялаймын. Мұның бәрін осындай қоғамдық талқылау деңгейіне шығарудың қандай қажеті бар еді?! Бұл мәселеге кәсіби тұрғыдан қарау керек. Ұлтымыздың менталитетін ескеру қажет,– деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Осы кезге дейін біздің елімізде киік "қызыл кітапқа" енген, қорғауды қажет ететін жануарлар қатарында болды. Әлі де солай. Елімізде ақбөкен 2006 жылы қызыл кітапқа енгенмен, оның еркегінде болатын мүйіздің әр данасы алтынмен пара-пар болғандықтан, күні бүгінге дейін олардың саны еселеп өсе қоймады. Өйткені қазақ даласында ақбөкенге жау көп болды. Дені екі аяқтылар. Бұған дейін дархан даламыздың сәнін келтіріп, табынымен көшіп жүретін өсімтал жануарлардың еркіндік дейтін ескі шеңберден шықпағалы қай заман?! Айталық, XІX ғасырдың аяғында XX ғасырдың басында Қырым, Таврия, Казказ өңіріндегі киіктердің өрісі тарылып, жойыла бастаған. Елімізде 20-жылдардың басында дала еркелерінің саны күрт азайып кетті. 1917-1918 жылғы қыстың жұты түз тағысының жүздеген мың басын шығынға ұшыратты. Бұл – енді табиғат келтірген кесел. Сол кездегі жергілікті үкіметтің шешімімен 1919 жылдан бастап Сарыарқада киік аулауға қатаң тыйым салынды. Бірақ одан көп өзгеріс бола қоймады, 1927 жылдары тіркелген жұттан кейін ақбөкендердің жер бетінен мүлдем жойылып кету қаупі төнді. Соған қарамастан, киелі жануардың көзі әлі де сақталған. Бұл жануардың киелілігі сондай, дүнені дүр сілкіндірген небір алапаттардан аман өтіп, сонау ықылым заманнан әлі тұқымын сақтап келеді.
1930-1932 жылдардан бастау алған ұжымдастыру науқаны бұл жануарлардың өсім алуына ерекше жағдай туғызды. Өйткені қазақ даласына да шашыраған шаруалар сол науқанның уақытында бір кеңшарға бірігіп, малдың легі белгілі бір жерлерге шоғырланды. Себебінен жазық далада мүлгіген тыныштық орнап, көк бітік шықты. Мұндай жайлылық ақбөкендер үшін әлбетте қолайлы еді. Одан бері қарай Ұлы Отан соғысымен ұштасқан кезеңдер де бұл жануарлардың еркін жайылуына мүмкіндік берді. Даладағы киіктердің жауы ит-құс, шыбын-шіркей, соналардың азаюы ақбөкендердің өсуіне өте қолайлы жағдай туғызды. Бұл салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ақбөкен санының ең көп өсім алған тұстары болатын. Яғни сол кезеңдерде қазақ даласындағы киіктердің саны 1 жарым миллионға дейін жеткен екен. Содан кейін адам қолымен жасалған түрлі қиянаттардың салдарынан бұл жануарлардың саны мүлдем азайып, кейбір деректерде 20 мыңға жетер-жетпес саны қалғаны көрсетілген. Соған қарамастан кеш қимылдаған біздің үкімет ақбөкендердi 2006 жылы «Қызыл кiтапқа» енгізген. Осылайша заңмен қорғалған түз жануары еліміздің түрлі аймақтарында арнайы бақылауда болды. Сандарды сөйлетсек. 1960 жылдары қазақ даласында 1 млн  300 мыңдай киік болыпты. Ал 1988 жылы 500 мың бас киік түрлі себептермен қырылып қалған. Осылайша ақбөкенге жасалған оңды-солды қиянаттың кесірінен 2003 жылы қазақ даласында бар болғаны 23 мың бас киік қалған. Әр жылдары есепке алынған төмен көрсеткіштерге қарамастан өсімтал жануардың жалпы саны 2016 жылы 108 мың болса, 2017 жылы 150 мыңнан асқан. Ал соңғы екі жылда ақбөкендердің саны миллион дейтін мәртебелі көрсеткішке жетіп, бүгінде оның саны 1 млн 300 мыңнан асып отыр.
Халқымыз киікті киелі жануар санаған. "Оны нақақ өлтіріп, обалына қалған жан түбінде Алланың қаһарына ұшырап, ұрпағы қарғысқа ұшырайды" деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан тиісті министрлік шешім қабылдады екен деп мұндай қадамға барудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Оның киесі жайында Мемлекет басшысының өзі айтып, ол шешім мәселеден құтылатын қадам еместігіне тоқталды.
– Табиғи ландшафттан сексен мың киікті өлтіру мәселесі жайлы айтылып отыр. Бірақ мұның басқа әдістері бар. Мамандармен ақылдасыңыздар, бұл енді соңғы шара ғой. Бұл шараның қолдануға тура келетін шығар, оны жоққа шығармаймын. Бірақ қайталап айтамын, бұл соңғы шара, – деді Мемлекет басшысы.
Діни қиссаларда Адам Ата жерге түскен кезде пейіштен інжірдің бес жапырағын алып түскен екен. Сол жапырақтың біреуін бал арасы, біреуін жібек құрты, біреуін киік жеген деп айтылады. Қалған екеуін Адам Ата жерге егіпті. Киік пейіштің жемісін жегендіктен киелі аңға айналыпты. Мұны әу бастан ескерген текті халықтың ұрпағы тағдырына кесірі тиер қисынсыз қадамға ешқашан бармаған. Бұл түсінік дана халқымыздың санасында әлі де сақталған.
А. БИСЕНОВ
16 шілде 2022 ж. 641 0