Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымбатшылық қалта қақты, қолдан қысып бар тамақты

Қымбатшылық қалта қақты, қолдан қысып бар тамақты

«Базарда ұнның қабы 15 мың теңге болыпты». Осындай сарындағы әңгімені естігенімізге де бір аптаның жүзі болып қалыпты. Бұл базар нарығында қалыптасып жатқан бағадағы тұрақсыздық пен қымбатшылықтың тағы бір көрінісі. Басқаны былай қойғанда, қазір күнкөріс үшін қажетті азық-түлік өнімдерінің бағасы бас айналдыратын жағдайға жетті. Мұнымен тоқтап қалса жақсы ғой. Сырттан келіп жатқан көтерме заттың бөлшек құны күн санап артып, адам айтса нанғысыз баға бәсекесі қалыптасып жатыр. Бұл бағытпен біз қайда барамыз, сол жағы маған әлі де түсініксіз. Бәзбіреулер соғыстың салқыны немесе доллар бағасының шарықтап өсуімен байланыстырады.
Қазақтың кең-байтақ жерінің бір пұшпағына дән сеуіп, төккен терінің өтеуін көктен емес, жерден сұрайтын диқаншыға доллар мен өзге елде болып жатқан соғыстың қатысы қанша?! Дән септі, тірлік етті. Егін жеміс берді, ол өнімін елге сатты. Егістіктің басынан көлікке артылған тонналаған өнім еліміздің тұс-тұсына жөнелтілді. Сонда диқаншы еңбегін сатты ма?! Солай-ақ болсын. Алайда бір ғана шаруаның қолынан осындай қымбатшылық жасау қалай келді? Бұл жерде негізгі мәселе «алыпсатар» деген айлакер халықтың аранына байланысты болып тұр-ау. Қай істе болмасын делдалсыз жұмыс бітпейтіні түсінікті. Бірақ сол саудагердің айылын жидырып, сабасына түсіретін заң немесе құзырлы органдардың күші қауқарсыз болып тұрғаны ма?! Қаңтар оқиғасы кезінде жан-жақтан жамырай жүріп газдың бағасын түсіртіп алдық. Алайда көшеге ентелей шыққан халықтың сол тілегінен басқа ештеңе өзгерген жоқ. Қайта қымбатшылықтың құрсауына енді түскендей болып отырмыз.
Қазір базарға барсаңыз «арзан баға қайда бар» деп босып жүрген халық. Қалталыларға бұл қымбатшылық мәселе емес. Өйткені олар да осы бір ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, байығанның үстіне бай бола түсуде. Екі ортада сорлап қалатын сіз бен біз секілді қарапайым халық. Қазір екінің бірі базар сөрелерінде орналасқан әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарды жағалап жүр. Сәл де болса арзандық сезінгісі келеді. Соның өзінде базардан бүйірі толып қайтатындары некен-саяқ. Өйткені айлығы шайлығына жетпейді. Ай сайын келіп тұратын несие деген нәубеттің төлемі тағы бар. Оған айлап ыршып бара жатқан коммуналдық төлемдерді қосыңыз.
Ойша есеп жүргізіп көрсек. Қазір 4-5 адамнан тұратын әрбір жанұя 150-200 мыңнан ары ақша табады делік. Сол бір 100-200 мыңға қарап отырған отбасының несиеге кірмеуі мүмкін емес. Қандай да бір шаруаларын сол несиенің көмегімен реттейді. Енді оны төлеу керек қой. Жарайды, шамасына қарап айма-ай тапқан табыстарының 3-тен бір бөлігін несие төлеуге жұмсайды. Яғни айына 50-70 мыңның айналасында несие төлейді. Қазір 4-5 жаны бар шаңыраққа кемі 40-50 мың теңгеге азық-түлік алады. Жаз мезгілдерінде 15-20 мың, жылу маусымы қосылғанда бұл баға екі еселенеді. Өмір болған соң ана шаруа, мына шаруаның болып тұратыны айтпаса да түсінікті. Сонда бұл жанұяның басқаға мойын бұратын шамасы болмасы анық. Мұндай тұрмысты жатсынбайтын отбасылар жетерлік. Басқа амалы бар ма. Өкініштісі, өз еліміздегі өгей өмір осылай өтіп жатыр.
         Бірде танысымның өтінішімен өсімпұлмен қарызға қаржы беретін адамға бардым. Шіркіннің клиенті көп-ақ екен. Әлде өзім айлық немесе әлеуметтік төлемдер түсетін уақытта бардым ба, аздап кезек күтіп те қалдым. Содан не керек зейнетақысын алған бір егде жастағы әжей келіп:
– Балам-ай, мен есептесіп кетсем бола ма, басқа да жұмыстарым көп еді, шаршап тұрмын,– деді.
– Жарайды әже, өте беріңіз, – деп кезегімді күтіп мен тұрмын.
Әжей өсімпұл алатын әлгі адамға қалтасындағы зейнетақысын шығарып ұсынды да:
– Шырағым, мына ақшаның үстінен 5-10 тиын қайырып бересің бе, үйде жейтін азық-түлік те түгесілді. Базарға балып бірдеңелер алайын, – деп өтініш жасады.
Мұндай жасқа жетіп қарызға белшесінен батқан әлгі кейуананы аяп кеттім. Қарияның жалынышты жүзіне қарап тұрған әлгі адам, сәл ойланды да:
– Жарайды апа, келесі жолы жеткілікті қылып алып келерсіз. Үстіндегі өсімпұлдарын есептеп қоярмын, –деп шамалы ақша ұстатты.
Ол әжейдің келесі жолы да осылай келерін біліп, шарасыз мен қала бердім. Шынында қоғамда қарызға белшесінен батып, азық-түлікті қарызға алып жатқан жандар жетіп артылады. Бұл қымбатшылық бәрімізге де ауыр соққы болып тиюде.
Осы қымбатшылыққа қатысты сыр суыртпақтамақ болып тиісті бөлімдерге хабарлассақ, бір-біріне сілтеп, жұмған ауыздарын ашар емес. Өйткені баға мониторингіне қатысты олардағы көрсеткіш мәз емес. Арзандап жатқан азық-түлік жоқ. Күн санап қолдарындағы көрсеткіш шарықтап бара жатқаны айтпаса да түсінікті. Арзандап жатқан болса өздері-ақ жүгіріп жүріп жариялар еді жан-жаққа. Осылайша бұл бағаны реттеу Президенттен сөгіс алған министрдің де, сын естіген министрлер кеңсесінің де қолынан келер емес. Неде болса айдағанға көнген халық, байлағанға да көнедінің кері келіп тұр. Құдай ақырын берсін.
А. ҚАРАСАЙ
23 шілде 2022 ж. 440 0