Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен танылған Ерболат

Еңбегімен танылған Ерболат

Біреуге спорт жай ғана ермек немесе белгілі бір жас аралығындағы кәсіп болып көрінер. Бірақ шын жан-тәнімен спортты сүйген жандардың жаны да сергек, бойы да сергек, ойы да жүйрік болады. Бұл істің куәсі болған адамдар арамызда да көп.

Расында спорттың нәтижесінде жетістікке жеткен жандардың бірі – ардагер спортшы, аудандың осы бағытта дамуына бар қызметін арнаған – Ерболат Қараев. Қазірде зейнетке абыроймен шыққан азаматтың еңбек жолы көптеген спортшы жастарға үлгі боларлықтай.
Ерболат Сағынбайұлы 1959 жылы 21 қаңтарда Арал қаласында дүниеге келген. 1966-1976 жылдар аралығында №177 қазақ орта мектепті  бітіріп шыққан ол бала кезінен оянған қызығушылығын, арманын ақиқатқа айналдыру мақсатында спорттан алыстамады. 1977-1979 жылдары Кеңес армиясында болып, 1979-1980 жылдары ШЧ да электромонтер болып жұмыс жасады. 1980-1992 жылдар аралығында Арал ауданында БЖСМ 11 жылдан аса уақыт еркін күрестен жаттықтырушы болған ол, талай бозкілем мықтыларын тәрбиелеп шықты. Шәкірттері түрлі деңгейдегі жарыстарда олжа салып, бапкердің мерейін үстем етті. 1989-1994 жылдары кәсіби білімін жетілдерген Ерболат Қараев Қызылорда қаласында Қорқыт ата атындағы институтында денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып, еселі еңбегінің арқасында 1992-1993 жылдары Арал ауданында оқу ісі меңгерушісі болды. 1993-2008 жылдары Арал ауданындағы спорт мектебінің директоры қызметін атқарған ол, 2008 жылдан бастап зейнет жасына дейін Сексеуіл кентіндегі №20 Арал ауданының БЖСМ  директоры қызметін абыроймен атқарды. Осы жылдар аралығында бапкерлігінен бөлек басшылық, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Оған осы еңбек еткен жылдар көлемінде 7 оқушысының ҚР чемпиондары мен жүлдегерлері болғаны дәлел бола алады.
Ердің еңбегін қашан да ел біледі деген ғой. Ерболат ағамыздың да еңбегі елеусіз қалмады. 2011 жыл қазақтың батыр қыздары Әлия-Мәншүк атындағы  спорттық-патриоттық клубы қоғамдық бірлестігі атынан осы клубтың құрылғанына 5 жыл толуына орай кеудесіне медаль тақса, Қызылорда облысына 70 жыл толуына орай да медаль тағылды. Мұнан бөлек 2009 жылы Қазақстан Күрес федерациясынан еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасы кубогының жоғары дәрежеде өтуіне қолғабыс тигізгені үшін, 2010 жылы Қызылорда облысында  экологиялық туризмді дамыту  мәселелері тақырыбында өткізілген семинар-кеңесті ұйымдастырып өткізуге атсалысқан үшін Қызылорда облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан, 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ауған соғысы ардагерлер қауымдастығынан Алғыс хат-соғыс ардагерлерін еске алуға арналған аудандық жекелей біріншіліктің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқаны  үшін  Алғыс хатымен марапатталса, 2018 жылы  қайрымдылыққа үлес қосқаны үшін Арал  аудандық  мешітінің және еркін  күрестен Мыңбай Құттыбайұлы мен Толыбай батырды еске алуға арналған қалааралық турнирін ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін Сексеуіл кенті ардагерлер кеңесінің Алғыс хатын алды. 2019 жыл «Nur Otan» партиясы облыстық  филиалы атынан «Nur Otan» партиясының 20 жылдық мерейтойына орай, кентте спорт саласының өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі  үлесі үшін Сексеуіл кенті әкімінің  Алғыс хаттарымен марапатталған. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы атынан да Алғысқа бөленді. Қазақстан Республикасы Президентін сайлау кезінде де ерекше атсалысып, «Nur Otan» партиясының сайлауалды іс-шараларына қатысып, азаматтық белсенділік танытқаны  үшін Алғыс хат иеленді.
Еңбегі аудан, облыс көлеміне ғана емес, республикаға танымал білікті бапкер, білімді басшы зейнетке шығар тұста Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хатымен және қазақстандық салалақ мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының "Еңбек даңқы" төсбелгісімен марапатталды.
Бүгінде зейнет демалысындағы ағамыз "Спорт – менің өмірімнің маңызды бір бөлшегі. Өзінің сүйікті ісін істеген адам бақытты емес, өз ісін сүйіп істеген адам бақытты дегендей, мен үшін ең бірінші орында тұрады. Кейінгі жастарға да спорттан алыстамауға кеңес беремін. Себебі келешек еліміздің, Жаңа Қазақстанның болашағы дені сау ұрпақтың қолында" дейді.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
20 тамыз 2022 ж. 255 0