Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт ұстазы, ерен тұлға

Ұлт ұстазы, ерен тұлға

Биыл қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, қазақтың рухани көсемі, Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы атанған мемлекет қайраткері, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады.
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Тоғыз жасында Торғайдағы орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектебіне оқуға түседі. 1895 жылы "бастауыш училищенің оқытушысы" деген атақты иемденеді.
Төрт жылдық мұғалімдер семинариясында білім алған Ахмет алдымен Ақтөбе, Қостанай уездерінде орыс-қазақ мектебінің оқытушысы, одан соң 1895-1909 жылдары Қарқаралы қалалық училищесінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ол ұлттың саяси-әлеуметтік мәселелерін атап көрсетіп, шешілуін талап етіп, Ресей патшалығына, атқарушы үкіметіне тұңғыш рет жазылған «Қарқаралы петициясына» қол қоюшылардың белсендісі болды. Осы үшін «мемлекеттік қылмыскер» ретінде жандармдық бақылауға алынды. Семей түрмесіне жабылды, Орынборға жер аударылды. Елдегі әлеуметтік ахуалды баяндаған мақалалар жариялағаны үшін Ахмет Байтұрсыновқа бірнеше рет айыппұл салынып, абақтыға да қамалады. Орынборда өзінің сенімді достары – Әлихан Бөкейханов және  Міржақып Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауымен тұңғыш жалпыұлттық "Қазақ" газетін шығарып тұрды. 1917 жылы патша тақтан құлаған жылдары ол Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен қазаққа бостандық, теңдік әперу үшін саяси күрес майданына белсене араласады.
Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға үндеп, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Ол шығармаларында патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын, шенеуніктердің опасыздығын өткір сынады. Ақынның алғашқы өлеңдері "Қырық мысал" атты аударма жинағында 1909 жылы Санкт-Петербургте, екінші "Маса" атты  кітабы 1911 жылы жарық көрді. Бұл кітаптарында ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Оның "Қазақ салты", "Қазақ, қалпы", "Досыма хат", "Жиған-терген", "Тілек батам", "Жауға түскен жан сөзі", "Бақ" және тағы басқа өлеңдерінде Шоқан, Абай, Ыбырай ұстазының  бағыт-бағдарын жалғастырушы ретінде көрінеді.
А.Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі 1926 жылы "Әдебиет танытқыш" деген атпен жарыққа шыққан. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін тәржімалады. Сонымен бірге  қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазып, қазақ графикасын жасауға кіріседі және осы жазуды үйрететін әліппені және 1926 жылы ғалым "Әліпбидің" жаңа түрін жазды. Ағартушының тағы бір зор еңбегі – терминдерді жасау болды.
Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, келесі жылы КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ "үштігінің" шешіміне сәйкес ату жазасына кесілді. Дегенмен бұл шешім бірнеше рет өзгеріп, 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада үш жылға Архангельскіге жер аударылсын деген үкім шығарылады. 1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлауына байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген әйелі және қызымен бірге өткізуге рұқсат етіледі. Ақырында 1937 жылы 8 желтоқсанда жазықсыз ату жазасына ілікті.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойында халқымыздың ғұлама жазушысы Әбіш Кекілбаев: "Ахмет Байтұрсынов ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып, қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған теперішін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес, – деп жоғары баға берген екен.
Ахмет Байтұрсынұлының есімі тарихта қазақ тіл білімі мен әдебиетінің және алғашқы ұлттық әліппенің авторы, ақын, аудармашы, педагог, ағартушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде мәңгі қалары сөзсіз.
Бүгінде аталмыш тұлғаның айтулы мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Қазақстан бойынша ұлт ұстазының тағылымы мол ғұмырын дәріптеу мақсатында түрлі ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, түрлі іс-шаралар өткізілуде. Міне, сонау аласапыран заманда адам төзбес азап пен жан шыдамас қорлықтың зардабын бастан өткергеніне қарамастан халқының азаттығы жолындағы оның жанкешті еңбегі ел есінде осылай қалуы тиіс.

К. МАХСҰТ
20 тамыз 2022 ж. 830 0