Мемлекет мүддесі бәрінен биік

Жолдауда ауқымды мәселелер мен оларды шешуге бағытталған міндеттер бес бағдар бойынша айқындалған. Жолдауда көтерілген қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және қауіпсіздік салаларында қандай мәселе де ел тілегін ескеруден туындап отырғанын әрбір қазақстандық түсінеді.
Осындай маңызы зор Жолдауда Президент: «Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын»,– деді.
Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін елге ашық жариялау ашықтық қағидатына сай келеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет екендігін айтты. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынып, қайта сайлануға тыйым салынатынын атап өтті.
«Биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады. Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды екенін еске салды. Жалпы, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы ел дамуы үшін алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға айқын бағыт-бағдар іспетті.
К. Махсұт