Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 5 қыркүйек – Халықаралық қайырымдылық күні

5 қыркүйек – Халықаралық қайырымдылық күні

Қоғамда әлеуметтік аз қамтылған және халықтың осал топтарына, қарттарға, мүгедектерге, басқа да мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетіліп келеді.

Қызылорда облысында игі істермен айналысып жүрген қоғамдық қорлар мен қайырымдылық ұйымдары бар.

Бүгін 5 қыркүйек – халықаралық қайырымдылық күні қарсаңында «Ел-Арай» қоғамдық қорының директоры Әлімжан Қосымов пен ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Оңталап Жидебаев баспасөз конференциясын өткізді.

«Қайырымдылық – игі істің қайырлысы. Жыл басынан бері «Зекет және қайырымдылық» қоры арқылы 3000-ға жуық отбасыға көмек көрсетілсе, 40 отбасыға көмір жеткізілсе, 5-6 студенттің оқу ақысы төленді. Рамазан айында «Рамазан сыйы», «Рамазан қоржыны» атты акциялар ұйымдастырылды. Одан бөлек, «Мектепке жол» акциясы аясында 1700 оқушыны мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтыдық. Облысқа қарасты аудандарға арнайы сертификаттар берілді. «Үміт сыйла сәбиге», «Жетім көрсең, жебей жүр», «Мұңын ойла мұқтаждың» секілді арнайы қайырымдылық акциялары тұрақты өткізіледі», – деді ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Оңталап Тасболатұлы.

«Ел-Арай» қоғамдық қоры ел арасындағы әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж отбасыларға әрқашан қол ұшын созып келеді. Азық-түлік пакеті, киім-кешек секілді қажетті тұрмыстық заттармен қамтиды. Ең үлкен жобалардың бірі ретінде «Балық берме, қармақ бер» жобасын айтуға болады. Мұнда аз қамтылған отбасы балаларын ҰБТ-ға даярлап, оқуға түсуіне ықпал ету», – деді «Ел-Арай» қоғамдық қорының директоры Әлімжан Әлібайұлы.
kyzylorda-news.kz
05 қыркүйек 2022 ж. 544 0