Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медициналық сақтандырудың жаңа тәсілі іске қосылды

Медициналық сақтандырудың жаңа тәсілі іске қосылды

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа әдісі іске қосылды. Енді соңғы 12 айға жарна төлеудің қажеті жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңына өзгеріс енгізілген болатын. Жаңа нормаға сәйкес, алдағы 12 айға жарна төлеп, медициналық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік бар.

Қордың ақпараттық-түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Ирина Подскочаяның айтуынша, 2020 жылдан бері жарна төлеу барлығына бірдей міндет. Алайда бейресми жұмыс істейтіндердің көбісі жарна төлемейді, я болмаса, төлемді тұрақты жасамайды.

"МӘМС туралы заңның жаңа нормасын енгізгенге дейін сақтандырылу мәртебесі өткен 12 ай үшін жүйелі төлем болған кезде ғана берілді. Сондықтан МӘМС тізіміне кіретін медициналық көмек алу қажеттігі туындаған кезде сақтандырылмаған адамдар төлем жасамаған айлар үшін жарналарды, яғни берешекті төлеуі керек еді. Алайда бұл нұсқа бәрінің бірдей көңілінен шықпады. Енді сақтандырудың баламалы тәсілі пайда болды. Алдағы 12 ай үшін жарналарды төлеуге мүмкіндік бар. Бұл жыл бойы МӘМС-те медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік береді", – дейді Подскочая.

Осылайша, сақтандыру мәртебесін алу үшін соңғы бір жылдың берешегін жауып, медициналық қызмет алуға мүмкіндік беріледі, я болмаса, алдағы 12 айға төлеп, бір жыл бойы пайдалануға болады. Жарнаны екінші деңгейлі банктер, банктердің мобильді қосымшалары, Қазпошта және төлем терминалдары арқылы дербес төлеуші ретінде әр ай үшін жеке 3 000 теңгеден төлеу керек.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы барлық төлемді 2-3 күн ішінде өңдейді. Медициналық сақтандыру бойынша барлық сұрақ бойынша емхананың пациенттерге қолдау көрсету қызметіне хабарласуға болады.

"Егер ол жерде сізге көмектесе алмаса, онда өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына - fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Telegram-дағы SaqtandyryBot және Qoldau 24/ 7 мобильді қосымшасына өтініш жібере аласыз. Дәл осы құралдар арқылы сақтандыру мәртебесін тексеруге болады", – дейді мамандар.
06 қыркүйек 2022 ж. 358 0