Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада отбасы күніне арналған мерекелік кездесу өтті

Қызылордада отбасы күніне арналған мерекелік кездесу өтті

Бүгін Достық үйінде отбасы күніне арналған «Отбасы – Отанның іргетасы!» атты мерекелік кездесу өтті.

Келелі кездесуге облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Алмасбек Есмаханов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев, облыстық ҚХА ардагері Юрий Ким, қалалық №198 мектебінің әкелер кеңесінің мүшесі Кенжетай Сыздықов, облыстық Аналар кеңесінің мүшелері, аудандық Аналар кеңестерінің төрайымдары, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, көпбалалы аналар, әжелер, жастар қатысты.

Шара модераторы облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова кеңестің атқарған ауқымды жұмыстарына тоқталды. Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Алмасбек Есмаханов алғы сөзінде қатысушыларды мерекемен құттықтады.

«Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Береке, бірлігі, тату тірлігі жарасым тапқан жанұя – салауатты қоғамның басты тірегі. Сүттей ұйыған шаңырақта өзара сыйластық, сүйіспеншілік, қамқорлық пен түсіністік әрдайым салтанат құрады», – деген Алмасбек Есмаханов қазақ қоғамындағы отбасы бірлігінің маңыздылығын атап өтті.

Мұнан соң Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі отбасы мәртебесін биіктетуге, отбасылық құндылықтарды жастардың бойына сіңіруге бағытталған шаралары көрініс тапқан бейнеролик көрсетілімі болды.

Айта кету керек, облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен тамыз айында барлық аудандарда және Байқоңыр қаласында «Сыры мен сыны бөлек Сыр аналары» атты форумдары өтті. Онда отбасы беделін арттыру, ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру, қыздар тәрбиесіндегі осал жерлерді жою, жастар арасындағы ажырасудың алдын алу сияқты сұрақтар көтеріліп, қоғамның талқысына салынды.

Басқосуда қатысушыларға бүгінгі күннің өзекті мәселесі «Отбасы – отанның мықты іргетасы болуы үшін қандай іс-әрекеттер жасауымыз керек?», «Заманауи отбасындағы әкенің рөлі қандай?», «Отбасы бақыты неде?» деген сауалдар қойылды.

Бұл сауалдарға өмірлік тәжірибелері мол, жастарға өнегелі істерімен үлгі болатын жандар Сырдария аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Балшекер Өтегенова, облыстық мәслихат депутаты Аида Абибуллаева және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев, Сырдария ауданы Амангелді ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері, Батыр ана, 80 жастағы әже Сапаркүл Есмағанбетова жауап беріп, ойларымен бөлісті.

Шара соңында ұлт келбетіне үлгі, жастарға бағдар болатын ардақты аналар, аудандық аналар кеңесінің төрайымдары мен белсенді мүшелері облыс әкімі орынбасарының, Қоғамдық даму басқармасы басшысының және «Қоғамдық келісім» КММ директорының алғыс хатымен марапатталды.

kyzylorda-news.kz
16 қыркүйек 2022 ж. 580 0