Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аналар кеңесінің алғашқы форумы өтті

Аналар кеңесінің алғашқы форумы өтті

«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында Жалағаш ауданында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбеттің қатысуымен Аналар кеңесінің алғашқы форумы өтті. «Сыны мен сыры бөлек Сыр аналары» атты ерекше атаумен өткен шараға Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі мұрындық болды.
Форум басталмас бұрын облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова бастаған делегация аудан орталығын аралап, қолға алынған игі жұмыстарға оң бағасын берді. Аудан орталығындағы «Иманқұл» мешітіне барып, болашақтың жарқын болуы үшін дұға етті. Содан соң мәртебелі қонақтарға мәдениет және тілдерді дамыту орталығының фойесінде ауданның белсенді аналарының туындылары таныстырылды. Онда қолөнер шеберлерінің бұйымдары, ұлттық нақышта тігілген киімдермен қоса ешкі сүтінен жасалған ерекше дизайндағы иіс сабындар көрмеге қойылды.
Шараның модераторы Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет қазақта «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген қанатты сөз бар. Шындығында, ана баласына берген тәрбиесі арқылы болашақтың қалыптасуына да ықпал етеді. Аудан аналары өңіріміздің дамуы мен өркендеуіне, қоғамдық-саяси және рухани әлеуетін іске асыруға белсенді атсалысуда деп атап өтті.
Форумға қатысушылардың назарына аудандық Аналар кеңесінің жыл бойына атқарған ауқымды жұмыстары туралы бейнеролик ұсынылды.
Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова форумның ерекшелігін атап өтті. Дәл осы қоғамда қазақтың бойына біткен асыл қасиеттердің бізден алшақтап бара жатқандығын, қоғамда ең алдымен ұлттық тәрбиеге басымдық беру қажеттігін айтты. Сол алшақтықтың орнын толтыруға аналар үлкен үлес қосады. Осы орайда өңірлік Аналар кеңесінің жүйесі қалыптасқандығын назарға салды. Тәлім-тәрбие ананың ақ сүтімен, бесік жырымен баланың бойына даритындығын алға тартты.
Өз кезегінде «Ана мен бала денсаулығын қорғау» тақырыбында аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлсім Каюпова, «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын-алу» тақырыбында аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастыру аналитикалық жұмыс тобының инспекторы Берік Ахметқали, «Отбасы, неке мәртебесін көтеру, отбасы құндылықтарын дәріптеу» туралы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Айқын Жақсылықова және «Қазіргі өркениетті заманға сай әйелдің бейнесін қоғамдық санада қалыптастыру» төңірегінде үлгілі жас ана Раушан Атаулиева орамды ойларын ортаға салды.
Қызылорда қалалық мәслихат депутаты, облыстық Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Айгүл Мұсабаева «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының мән-маңызына тоқталып, бірлескен жобаларды атап өтті. Қыз баланың тәрбиесіне аса мән беру керектігін айтты. Өне бойы даналыққа тұнған, ақылы дариядай ата-әжелеріміз арқылы ұлттық тәрбиені насихаттап, қазақтың бойына біткен асыл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына дарыту керек екендігін алға тартты.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы және облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Галина Щербакова отбасы беріктігі, ондағы жайлылықты қалай сақтау керектігіне тоқталып өтті. Форумның маңыздылығын айтып, ұйымдастырушыларға, Аналар кеңесінің үлгілі жұмыстарына ризашылықтарын білдірген аналар мен көңілі босап, көзіне жас алған ауыл келіндері де болды.
Мұнан соң аудандағы үлгілі 6 ана «Ардақты ана», «Үлгілі ана», «Рухты ана», «Өз ісінің шебері», «Дәстүр насихаттаушысы», «Ұрпақ жанашыры» номинациялары бойынша марапатталды.
Ақ жаулықты асыл аналардың басын қосқан ауқымды форум соңы концертке ұласты.

kyzylorda-news.kz
22 тамыз 2022 ж. 575 0