"Мәдениетті Ана – мәдениетті Ұлт" жобасы Арал ауданында

Алдымен кездесуді ұйымдастырған Қызылорда облысық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы мен облыстан келген қонақтар аудан әкімінің қабылдауында болды. Облысқа танымал нәзік жандыларды қабылдаған аудан әкімі Серік Сермағамбетов Аналар кеңесінің жұмысына сәттілік тілеп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Одан соң Қызылорда облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Манат Алмашева, облыстық аналар кеңесінің мүшелері Анжела Садыкбекова мен Галина Сергеевна аудан көлемінде әр бағыттағы жұмыстарда өзіндік қолтаңбасы қалған және бүгінгі күні белгілі бір кәсіпте, қызметте озық келе жатқан аналармен кездесті. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында «Ана – тіршіліктің тірегі» атты кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов ашып, облыстық аналар кеңесінің бұл жобасы аясында қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген аналардың рөлін маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде Сыр өңірінде ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесінің үздік үлгілері төңірегінде қонақтар сөз сөйледі.
Ал Арал аудандық аналар кеңесінің төрайымы Лаура Ибраимова кездесудің маңыздылығын айта келе, қазіргі уақытта ұрпақ тәрбиелеуде ең өзекті мәселелерді қамтыды. Аналар кеңесі осы бағытта түрлі бастамалар жасап, ұрпақтың, ұлттың болашағы үшін үлес қосатынын жеткізді. Бүгінгі кезге дейінгі істелген жұмыстар және алдағы жоспарларды кеңінен айтты.
Сонымен қатар кездесу барысында аудандағы үлгілі аналар марапатталып, арнайы сый-сияпаттар табысталды. Сондай-ақ, қолөнерді жанына серік еткен аудандағы аналардың төл туындылары көрсетіліп, жергілікті өнерпаздардың өнері тамашаланды.
Одан соң, қонақтар Балықшылар музейінде болып, теңіздің өткені мен бүгінін жақын тануға мүмкіндік алды.




"Толқын" ақпарат