Қаперде ұстайтын қағидалар
Мұсылман философиясының бүкіл тарихы екі жақты: теологиялық және философиялық ілімдер негізіне сүйенеді. Соның ішінде философиялық бағыт араб халқы үшін тәлімгер нұсқаулығы секілді. «Әр елдің салты басқа...» дегенімізбен, ортақ құндылықтарымыз бен пәлсапалық тұстарымыз бізге араб халқының даналығымен үндес екенімізді мойындатады. Осы кезге дейін әр елдің менталитетіне, ұлттық құндылықтарына байланысты ақпараттарды көп кезіктірдім. Арнайы көңіл бөлген жағдаятым: араб халқындағы дос таңдау, араласатын адамыңыздың ақылды немесе ақылсыз екендігін бірден ажыратуға болатындығы турасындағы тематика болды. Ақылды немесе ақымақ: қалай ажыратамыз? Назарыңызға осы мәселе аясындағы араб халқының даналық сөздерін ұсынамын.
Жаныңызда жүрген адамды дер кезінде танып білу өте маңызды. Өмір жолында жолыққан жолдасыңыз қандай адам деген ой сізді де мазаласа, мына кеңестер есіңізде болсын. Жолдасыңызға ым-ишарамен бір жәйтті түсіндіріп көріңіз. Арабтарда «Ақылдыға көз қысқаның да жетеді, ақымақты жұлқысаң да кері кетеді» дейді. Басқаша айтқанда, ақылды адамға бір нәрсені ұзақ түсіндіріп қажет емес, ол сіздің түсіндірме сөздеріңізсіз де барлығын керемет түсінеді. Ымдасаңыз болғаны. Ал ақылсыздармен қиынырақ. Тіке айтсаң да, ымдасаң да қонбайтын нәрсе қонбайды. Сөзді бір айтқаннан ұғу – ақыл-парасаттың молдығын, таным көкжиегінің кеңдігін байқатады.
Екінші кезекте, адамның іске деген қарым-қатынасына, жауапкершілігіне мән беру керек. Бұл жөнінде араб даналығы «Ақылды өз еңбегіне сүйенеді, ақылсыз жай ғана үміттенеді» дейді. Иә, бұл турасына таласымыз жоқ. Әсіресе «Алма піс, аузыма түс» дейтін адамдардан аулақ болыңыз. Әдетте, мұндай адамдар бар жауапкершілікті өзгеге артып, өзі тек дайын асқа тік қасық болғысы келеді. Бұл – ақылсыз, еріншек адамның әдеті. Ал ақылды адам өз істеген ісіне ғана сүйенеді, сәйкесінше, «әрекетке –берекет» деген өмірдің заңдылығы орын алады.
Сонымен қатар адамның приоритетіне мән беріңіз. Ол адамның мақсаты қандай: жай ғана ақша тапқысы келе ме, әлде дамып, білім алғысы келе ме? Өте көне даналық бұл жөнінде «Ақылдының байлығы – білім, ақылсыздың байлығы – байлық» деген екен. Әңгіменің ауаны «байларды ақымақ» деу емес, мәселе – құндылықта. Адам ең басты құндылығы етіп не нәрсені қояды? Егер білімді жоғары қойса, онда ол адаммен жұмыс жасау аса тиімді. Аналогиялық көзқарас тұрғысында, еврейлердің баланы тәрбиелеу тәсіліне мән берейікші. Олар балаларына «Қалай тезірек, көбірек ақша жасауға болатын жолды емес, қаржыны ақылмен жаратуды үйретеді» екен-міс. Дегенмен, бұл тактика қазақтарда атам заманнан бар деп есептеймін. «Нан қиқымын теріп же, бай боласың», «Қасықтап жинағанды шөміштеп төкпе» дейтін астарында үнемшілдік пен обал-сауапқа үйрететін тәрбиені айтамын.
Соңғы кеңес, жолдасыңыздың адалдық, адамгершілік сипатына мән беріңіз. Араб даналығы «Жұмыртқаны ұрлаған адам түйені де ұрлауға қабілетті» дейді. Расында сәтті мысал. Кішігірім арсыздыққа барған адам одан зорғысына да бара алады дегеннің көркем формасы. Тағы бір даналықта «Барлық ит өз үйлерінің ауласында ғана үруге шебер», «Тәкаппарлық – тезектен де тез өсетін арамшөп» деп келтірілген екен. Расымен, кей сөздер қазақ даналығымен ұштасатындығын байқаймыз. Қазақта да «Бидайдың кеудесін көтергені – дақылының жоқтығы. Жігіттің кеудесін көтергені – ақылының жоқтығы» деген керемет афоризм бар.
Адам сыртынан тон пішу қате. Себебі сырт көзге тұз да қант секілді кейіпке ие. Сондықтан, өмір бізге түрлі адамдарды жібереді, ал олардың ішінен адал, ақылды адамдарды өз жанымызға жинау тек қана өз қолымызда. Адал болайық, ақылды болуға тырысайық!
О. ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ