Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Энергетик" сусындарды ішкен дұрыс па?

"Энергетик" сусындарды ішкен дұрыс па?

Бүгінгі күні жастар арасында энергетикалық сусындарды тұтыну танымалдылыққа ие қасиеттердің бірі болып кетті. Расымен е көшеде серуендеп жүрген жас азаматтардың қолындағы сусынға қарасаң күш-қуат беретін сусынның құтысын көзіміз шалады. Сусын өндірушілер қалтаңыз көтерсе шөліңді қандыратын кез келген су түрлерін ұсынуға дайын. Ал дүкен сөрелері оны сатуға асық. Энергетикалық сусынның сыртқы қаптамасына назар аударар болсақ, оның орташа құтысының өзі адамға күш-қуат беріп, ұйқыңды ашады деп кепілдік берілген. Алайда мұндай сусындардың адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екендігін және кейбір зиянды өнімдер секілді тәуелділік тудыратынын көбісі аңғара бермейді. Ал сіз екі-үш сағаттық энергия үшін денсаулығыңызды құрбан етуге дайынсыз ба?
Энергетикалық сусындар алкогольді және алкогольді емес деп бөлінеді екен. Ең әуелі энергетиктердің химиялық құрамына үңілсек 1 шөлмек энергетикалық сусында шамамен: 5 ас қасық кофеин, 12 ас қасық қант, гуаранин, таурин, инозитол, натрий цитраты, бояғыштар, левокарнитин, В және С дәрумендері, глюкуронолактон бар және осының барлығы көмір қышқыл газына бай сумен араластырылады. Яғни газ асқазанның қалыпты қорыту циклын бұзады да, химикаттардың зияндық әсері еселенеді. Қоспалардың кейбірі жеке өзі ағзаға жағымды болуы мүмкін, бірақ барлығы қосылып газға байытылып у ға айналады. Осы тұста барлығымдың ойымызға «сонда бұл сусын адамға қалай энергия береді?» деген сауал туындайтыны анық. Атаулы сусында глюкоза мен кофеин көп мөлшерде болған себепті сусынды ішкен мезетте бірден адамда энергия оятады. Оның сыры ағзамызға сигнал беруші ми-глюкозамен қоректенеді. Ал кофеин, өз кезегінде, организм шаршағанда жауап беретін аденозин рецепторларын бұғаттайды екен. Сонымен бірге мұндай сусын құрамындағы кофеин мөлшері күніне 6-7 кесе кофеге тең. Ал адам баласы ең көп дегенде тәулігіне 5 кесе кофе тұтынуға болады. Сусынның құрамындағы тауринге тоқталар болсақ, аминоқышқыл болғандықтан, жүректі белсендірек жұмыс істетеді. Ағзадағы қажетсіз заттардың алмасуы жүрек бұлшық еттерінің жұмысына кері әсер етеді. Салдарынан жүрекке зақым келуі мүмкін. Таурин жүрек бұлшық етінің әрекетіне әсер етсе, глюкоза мен сахарозаның көп мөлшері қант диабетінің, асқазан-ішек жолдар ауруларының даму қаупін арттырады. Міне, алдамшы сергектік әсері адамға 3-4 сағат ғана әсер етіп, мұнан кейін адам қайтадан шаршаңқы күйіне оралады. Ендігі кезекте бұл сусынды пайдаланған уақыттағы ағзаңыздың қалай қиналатынын түсіне беруіңізге болады.
Бір шыны кофе адамға 1-2 сағаттық сергектік әсер берсе, энергетик сусын 3-4 сағатқа дейін әсер ете алады. Оған қоса, энергетик сусындар кофеге қарағанда адам ағзасына жылдам енеді. Сонымен бірге оның құйылған құтысы да қолға ұстап жүруге ыңғайлы етіп жасалғандықтан кез келген жерде ішуге ыңғайлы.
Энергетик сусындарды жиі қолданатын адамдарда ішек аурулары, асқазан жарасы, сондай-ақ жүрек қан тамырлары ауруы, қант диабеті, ұйқы режимінің бұзылуы себепті депрессияға ұшырайды екен. Энергетиктердің аталған қауіптілігіне байланысты Жаңа Зеландия, Австралия, АҚШ-тың кейбір штаттарында оларды сатуға тыйым салынса, ал Дания, Норвегия, Францияда тек дәріханаларда арнайы мақсатта ғана сатуға рұқсат етіледі.
Энергетикалық сусындардан құтылудың бірден-бір жолы – ұйқы режимін реттеу. Адам баласы қалыпты өмір сүруі үшін түнде уақытымен демалғаны дұрыс. Өз денсаулығымыз өз қолымызда екенін ескере отырып, организмді зиянды заттар арқылы бұзбағанымыз жөн. Ал сіз энергетикалық сусындарды әлі де қолдана бересіз бе?

А. НҰРЛАНОВА
28 қыркүйек 2022 ж. 870 0