Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу – әрбір азаматтың міндеті
Мемлекеттің дамуына түбегейлі сәйкес келмейтін, оны кері шегіндіретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ата-бабаларымыз дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Әділдік пен турашылдықты ту еткен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз. Әділдікті ту еткен қазақ халқы жемқорлықты елдің бірлігін бұзар басты жау ретінде таныған. Сол себепті, ел арасында арнайы жарлықтар мен заңдар ұйымдастырған. Сондықтан біз сыбайлас жемқорлықпен күресті заң негізінде ғана емес, әйгілі хандарымыздың жарғысы үлгісінде де қарастыруымызға болады. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің жылдар бойы қол жеткізген жетістігін күйретуі бек мүмкін. Неге десеңіз, сыбайлас жемқорлық кәсіби сауаттылығы төмен мамандардың көбеюіне жол ашады. Бұл тікелей еліміздің дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Сыбайлас жемқорлық –заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған дерттің бірі. Бұл дерт дамушы елдердегідей жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.