Қызы жақсының елі жақсы
Қыз балалардың көпшілігі анасына еліктейтіні белгілі. Ананың қызына қалай қарым-қатынас жасағанының өзі бойжеткен кездегі, отбасылық өміріне ықпал етеді екен.
Қызы қандай да бір қателік жібере қалса, аяусыз сынап, түзету жолдарын нұсқап, соны жасауды талап етеді. Әлбетте, ешқандай ана мұны жаман ниетпен жасамайды. Бұл әрекет бірінші кезекте «балам суға түспесін, отқа күймесін, жаза баспасын» деген жақсы ниеттен туады. «Менің қатемді қайталамаса екен» деген тілек те бар. Яғни, ана өзі жасаған қателерді қызы да қайталап, қиналмаса екен деген оймен оны барынша түзу жолмен алып шығуға тырысады. Ананың қамқорлығынан артық ештеңе жоқ.
Көбіне жұмыстан қолы босамайтын не өзі үйде болса да, ойы түзде аналар балаларынан алыс, яғни ашылып сөйлеспейді, сырласпайды, қызының қиялынан хабарсыз болады. Мұндай кезде анасы мен қызының арасындағы байланыс бұзылады.
Өкініштісі, ұл-қыздарын көз жасымен, ауру-сырқау, басқа да жағдайын айтып, дүниеге қалай қиналып әкелгенін, өсіргенін міндет қылып, сол арқылы айтқанына көндіретін аналар да бар. Мұндай әдіс әсіресе қыз балаға қатты өтеді. Анасы тарапынан орын алатын осындай эмоционалды қысым көрсетіп, бопсалауға бойұсынған қыз бойжете келе ешқашан өз қалауын, тілегін алдыңғы орынға қоймайтын болады. Өзін тіпті де бағаламайды.
Ал анасы мен қызының құрбыдай сырласқаны дұрыс. Алайда ана бәрібір өз биігінде қалуға тиіс. Жаңа өсіп келе жатқан жасқа оның өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңесі, көрген-түйгені ауадай қажет екені белгілі. Ендеше, «қызыммен құрбыдай болсам» деп, жастармен жарыса сәнденіп, жасына лайық емес сырт келбетке ұмтылып, өзін тым жас көрсеткісі келетін аналарға не дейміз? Психологтардың айтуынша, қызына құрбыдай болатын көбіне осындай жасы ұлғайса да, ақылы жетіле қоймаған, өз әрекеті үшін жауапкершілік арқалағысы келмей жеңіл ойлайтын, ұшқалақ аналар екен. Мұндайда қызы кішкентайынан өзіне артық жауапкершілік алып, анасының орнына күрделі мәселелерге қатысты шешімді өзі қабылдауға мәжбүр болады. Осындай жағдайда өскен қыздар ерте есейетіні белгілі.
Арамызда басқаның бәрін ысырып тастап, өзін бірінші орынға қоятын аналар да бар. Олардың бар уақыты тек өз бойын күтумен, сырт келбетін сәндеумен өтеді. Тіпті қызын өзіне бәсекелес ретінде көріп, одан да жас, сұлу болуға ұмтылатындар да бар. Тек өзіне ғана ғашық анасының келбетіне қарап тамсанып, «мен неге анама ұқсамағанмын?» деп өзін төмен санаумен болады. Нәтижесінде шынында да онда әйелге тән әдеттер, тартымдылық, қылықтылық қалыптаспайды.
Сонымен бірге бала тәрбиесінде махаббат пен мейірімнен гөрі қаталдық көбірек керек деп санайтын аналар да табылады. Олар әдетте ұлмен де, қызбен де суық, салқынқанды арақатынас орнатады. Перзенттерінің ішкі жан-дүниесіне, сезімдеріне үңіле бермейді. Өзі орнатқан тәртіп қатаң сақталса болғаны. Сөйтіп қызын құшағына алып, жылы сөзін айтып, махаббатын білдіру арқылы әлсіз қылып аламын деп ойлайды. Мұндай ананың қызы расында да әлсіз болып өседі. Қай жерде жүрсе де өзгелердің жан жылуына, махаббатына зәрулігі айқын сезіліп тұрады.
Сонымен, өз бағасын білетін, бақытын ештеңемен өлшемейтін, сезімі де, санасы да сау, өмір жолында кездескен адамдарды тани білетін қыз тәрбиелеу үшін ана қандай болуы керек? Қаталдық пен қамқорлық, қажет кезінде қадағалау мен тиісті тұста еркіне жіберу, кез келген тақырыпта ашық сөйлесіп, құрбысындай сырласу, қателескен тұста жазғырмай, аналық ақыл-кеңесін айтып, қолдау білдіру, кей мәселені өзінше шешуіне мүмкіндік беру – осының бәрі керек-ақ. Тек әрқайсысының орны мен шегін ажырата білу маңызды дейді психолог мамандар.
К.Махсұт