Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін – Депутат

Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін – Депутат

Егер шұғыл түрде шаралар қабылданбаса, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл туралы сенатор Мұрат Бақтиярұлы депутаттық сауалында айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат 2005 жылы «Сырдария арнасын реттеу және Кіші Аралды құтқару» жобасы аясында Көкарал бөгеті салынғанын еске салды. Бұл «Ғасыр жобасы» республикалық бюджет пен Дүниежүзілік банк есебінен қаржыландырылды. Алайда, бүгінде бөгеттің 200 метрін су шайып кеткен және бұл учаске жедел жөндеуді қажет етеді.

«Жобаның сметалық құжаттамасы дайындалып, 2022 тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны - 4 млрд 582 млн теңге. Осы жылы қыркүйек айында республикалық бюжеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 500 млн теңге бөлінді. Алайда 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны қаржыландыруға қаржы қарастырылмаған. Президенттің Көкарал бөгетін нығайтуға қатысты берілген тапсырмасы ескерусіз қалған», деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, егер де қазір Көкарал бөгетін құтқарып қалмасақ, бұл жағдай экологиялық апатқа ұшыратады. Яғни, бүгінде 27 миллиард текше метр су жиналған Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін.

«Осыған байланысты, сізден жобаның ауқымдылығы мен маңыздылығын ескере отырып, 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет шеңберінде жоба бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтауға қалған 4 млрд 80 млн теңге бөлінуін қамтамассыз етуіңізді сұраймыз», деді Мұрат Бақтиярұлы Премьер-Министрге жолдаған сауалында.
20 қазан 2022 ж. 368 0