Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпен көші көшіп, әне, барады...

Көпен көші көшіп, әне, барады...

Жуырда қазақ әдебиетінің тағы бір шоқ жұлдызы ағып түсті. Танымал сатирик, журналист, бірнеше кітаптардың авторы Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында өмірден озды.Ол 1950 жылы 29 наурызда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Қиыр шығыста екі жылдық әскери-партия мектебінде оқыған. 1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, «Правда» баспасынан шыққан «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланған.
Саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор, ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, ҚР Бас прокуратурасының және Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор боп қызмет істеді.
Көпен Әмірбек «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ өзі құрған «Көпен келе жатыр!...» атты сатиралық театры көрерменге кеңінен танылды.
Орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршактың мысал-мысқылдары мен лезгин сатиригі Жамидиннің және өзбек әзілкеші Абдулла Қаһардың бірсыпыра сықақ өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
 «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауызбастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Көпен келе жатыр!...», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!...» атты әзіл-сықақ, сын мақалалар кітабының авторы.
Ол қазақ сатирасын салмақтай білген жан еді. Бүгінгі күлдіру мен күлкінің төңіргеінде айтқан мынадай пікірі бар:
– «Құдай күлкіден айырмасын» деген жақсы сөз бар, өте жақсы сөз. Неге? Өйткені, адам күлсе шаттанады, яғни ол адам күле алатындай жағдайда деген сөз, біз кімге күлеміз? Кімнің күлкісі басым болса, соның мысы да басым болады, яғни мысы басым адамдар күле алады.Біздің ата-бабамыздың аузынан шыққан тағы бір мынадай сөз бар: «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?», яғни күлу үшін өзің пәк, таза болуың керек, күлу үшін бойыңнан еш кір табылмауы керек, әуелі өзіңе қарауың керек. Мұхтар Әуезовтің «Айнаға қара, сонда оңбағанның дәл өзін көресің...» дегені бар, бұл дегеніміз әрбір адам біреуге күлмес бұрын менің күле алатын жағдайым бар ма, әрі-беріден соң хақым бар ма деп, айнаға қарағандай, өзінің іші-сыртына үңілуі керек, содан кейін барып күлетіндей болуы тиіс дегенді білдіреді.Сатирик ағамыз Сейіт Кенжеахметовтің «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» – деген жақсы сөзі бар, қазіргі сықақшылар тобын сараптай келе, осы өмір мен өнердің ортасында өмір сүріп отыр деп ойлаймын. Күлкі деген рахат қой шіркін, сонымен бірге бұл қаһарлы қару. Сатираны қаһарлы қару деп танысақ, оны қолдан түсіруге болмайды. Қазір сықақшылар кімді, нені сынаса да, қоғамның жат қылықтарын көрсетсе де, мұның бәріне күлдіру үшін үлкен шеберлік керек.Совет заманында мынаған күлуге болмайды, мынаны айтуға болмайды деген цензура болды, сықақшылар айтқысы келген тақырыптың бәрінің алдынан ор қазылып, қақпан құрылып, шекара қойылды. Ал егемендік алған 18 жылдың ішінде күлкі де өз тәуелсіздігін алды, қалай күлсең де өзің білесің, яғни шекара жоқ.Бірақ, осы бостандық біздің сықақшыларды абдыратып тастады ма деген ой келеді, өйткені, ұсақ-түйек әңгімені сөз етіп, кемпір-шал, әйел-еркек тақырыбы, маскүнем күйеу, шайпау әйел дегеннің айналасынан шыға алмай қалдық. Мынау қоғамдағы қомақты мәселелерді қопарып, тамырымен үзіп, отап тастайтын күлкінің деңгейіне әлі көтерілген жоқпыз-ау деймін, мүмкін жүрексінеміз бе, әлде шеберлігіміз жетпей ме, білмеймін» - деген еді.
Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты болған қазақтың біртуар азаматы Көпен Әмірбектің осындай парасатты ойы мен пайымды пікір халық жадында мәңгі қалмақ. Бақұл бол аға!
Н. Бақыран
12 қараша 2022 ж. 497 0