Ұйқы уақыты ұрланбасын

Сонымен, ұйқы – адам өмірінің құрамдас бір бөлігі. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі заманда қарбалас тіршіліктің қамымен жүрген көптеген пенденің жұмыс кестесі күннің батуы немесе шығуымен сәйкес келмей жатады. Салдарынан әлемде ұйқысыздық пен ұйқының қанбауы көпшілік үшін қалыпты жағдайға айналып барады. Сандарды сөйлетер болсақ, әлемде адамдардың 10 пайызы ғана тәулігіне 8 сағат ұйықтайды екен. Ал ересек жастағы жандардың 45 пайыздайы кем дегенде 1 рет ұйқысыздықтың зардабын тартып отырады екен.
Әлемде ұйқысыздық белең алып бара жатқанын мамандардың өзі дабыл қағып айтуда. Себебі, ақпарттық технология заманы қарыштаған сайын адамның соған тәуелділігі артып, уақыттың текке өтіп жатқаны да байқалып жатыр. Салдарынан ұйқы бұзылады. Масылдық көзқарас белең алып, қоғамды жаппай ұйқысыздық пен жұмыссыздық жайлап жатыр. Әлем елдері деп кеңге құлаш сермемесек те елімізде бұл құбылыстың зардабын тартып жатқан жандар жеткілікті. Қазір телефонға телмірген жастар уақытының көбін бос өткізіп, уақытылы ұйықының кестесін бұзып, түрлі физикалық, психологиялық өзгерістерге ұшырап жатыр. Жұмысқа деген құлықсыздық, жүйкенің жұқарып, асқа деген тәбеттің қашуы сынды керағар қылықтардың барлығы осы ұйқының бұзылуынан пайда болып отыр.
Өзіңіз ойлап қарсаңыз да ұйқысы қанбаған адамнан не күтуге болады. Алкаголді ішімдікке масайған адам секілді, есі кіресілі-шығасылы болып жүргендер қаншама. Салдарын саралай берсек көп. Зиянды әдеттер және жабырқанқы көңіл күй. Жеткілікті деңгейде ұйықтай алмау зиянды әдеттерді көбейте береді. Нәтижесінде албырт шақтағы жастар ұйқыдан ала алмаған ләззатты никотиннен, кофеиннен және басқаларынан іздейді. Оның үстіне ұйқысұрап жүретін адам бүкіл әлемге ренжулі, ашулы күйде болады. Айталық сырт келбеті де сұрықсызданады. Ұйқысыздық адамның түрінен білініп тұрады, беті, көзі ісіп, өңі кетіп қалады. Уақытылы ұйықтамаған адамның терісі де уақытынан бұрын қартая бастайды.
Әдетте мұндай жандар өзінің физикалық қабілеті төмендеп, психологиялық жағдайы жақсы болмай тұрғанынына қарамастан «Ұйқы – әлсіздер үшін. Менде бәрі жақсы», - деп жүре береді. Адам ұйқысыздығын мойындамаса, жағдайы одан әрі ушығып, денсаулыққа орасан зор зиянын тигізетіні айтпаса да түсінікті жағдай.
Қазіргі жұмыссыз жастардың денінде ұйқы процессі ауысып кеткен. Бұл да мамандар айтуға тиіс дабыл қағарлық жағдайға айналды. Түнде тірілер санатында, күндіз өлілер санатында жүрген қаншама жас бар. Кешкілік 7-8 дерде оянып, ұйқысын қандырған жас түнімен өз қатарластарымен сауық-сайран құрып, уақытты не болса соған жұмсайды. Көңіл көтереді, теріс қылықтарға бой алдырады. Қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздіктер де осындай жағдайлардан туындап отыр.
Иә, ұйқы адам баласының күні бойы жұмсаған күші мен энергиясын қайта қалпына келтіріп, мидағы көптеген ақпараттарды өңдеп келесі күнге сергек әрі тың күйде келтіретін аса маңызды құбылыс. Сондықтан бұл мәселеде аса сергек болған абзал. Күндіз жұмсалған күш пен қуатты ұйқыдан алатынымызды ескерсек түн ұйықтап, ел қатарлы тіршілік кешудің қоғамға да адамға да зияны тимесі анық. Жалпы қоғам қалғып кетпесін десек, ұйқының уақытын ұрлауды әдетке айналдырмаған жөн.
А.Қарасай