Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бар ғұмырын еліне, халқына арнаған азамат

Бар ғұмырын еліне, халқына арнаған азамат

Бұйраев Бақытжанмен бір жылда, бір айда туғанбыз. Үйіміз көрші, бірінші сыныптан бір мек­тепте оқыдық. Оның бер жағында жақын туыс болатынбыз. Біз сырымызды бірге бөлісіп, тайдай тебісіп өскен жандармыз.Балалық шақтағы қызықты хикаяларды кездескен сайын айтып тауыса алмай, сонан өзі­мізге де беймәлім ләззат алатын едік. Ержетіп, өз қолымыз өз ау­зымызға жеткен кезде, мемлекет қызметінде саламызға байлан­ыс­ты сирек те болса әр кездескенде бір серпіліп қалатынбыз. Бастан өткен соңғы оқиғаларды ортаға салып, жақсы жұмыстарға жан­ымыз жадырап бір жасап қалсақ, кездескен қиындықтарда да бір-бір бірімізге демеуші болып жұбатуға тырысатынбыз.
Бақытжан туралы жазғанда ол сол кездегі азаматқа тән лайықты өмір сүргенін: мемлекет алдында, қызметтестері арасында, ауыл­дастары мен ағайын-туған ор­та­сында абыройлы өмір сүргені жайында кез-келген ортада менің сондай досым болды деп мақта­нышпен айта алатыныма қуана­мын.
Бұйраев Бақытжан 1948 жылы 22 мамырда дария жағасындағы Аманөткел елді мекенінде бал­ықшы жанұясында дүниеге кел­ген. 1963 жылы Аманөткел сегіз­жылдық мектебін бітіріп, 1963-1965 жылдары ауданымыздағы тұз кеніші - Аралсульфаттағы училищеде оқып, электрик маман­дығын алған. Еңбек жолын сол жылы Арал су желісінде электрик болып бастады. Кейін Арал қаласындағы қалалық кәсіптік-техникалық училищесінде тәр­биеші болып қызмет істеді. 1972 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын алып шықты. 1976 жылдан 1979 жылға дейін Арал тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының кадр бөлімінде, Арал балық ком­би­натында заң кеңесшісі қызмет­терін атқарған.
Бақытжан 1979 жылдан бастап прокуратура органдарында про­курор көмекшісі, аға көмекші, прокурор орынбасары болып бастап, Қармақшы, Арал, Қазалы, Жалағаш аудандарында прокурор болып 2007 жылы зейнетке шық­қанға дейін алғаусыз қызметтер атқарған.
Прокуратурада жұмыс істеген жылдары «Әділет кеңесшісі» атағын алып, Қазақстан Респуб­ли­касы прокуратурасының құр­метті қызметкері төсбелгісін ие­леніп, ел Президентінің Алғыс хатымен, КСРО, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Құрмет грамотасымен марапат­талған.
Қызылорда облысынан басқа аймақтардағы басшылық орын­дарға бірнеше рет ұсынылса да, туған елге қызмет істеуді абырой деп білген Бақытжан осы қағи­датынан таймады. Облыстың төрт ауданында прокурор болып тұрған кезде ол қызмет істеген ау­дан барлық уақытта алғы шепте болып, басқаларға үлгі бола білді. Облыстық прокуратура көлемінде абырой биігіне көтеріліп, білікті де, іскер прокурор ретінде бағаланды. Бұл туралы бірге қызмет істеген әріптестері Сүлейменов Байтақ, Тәжіғұлов Сәбит, Назарқұлов Есет, Аянов Еркіндер жиі-жиі еске алып отырады.
Жалпы құқық қорғау орган­дарында, оның ішінде көп жыл аудан прокуроры болып отырған адамға жаймашуақ жарасымды мінез көп жараса бермесе керек еді. Деген­мен Бақытжан айна­ласындағы дос-жаранға, жалпы адамдарға деген жара­сымды мін­езінен бір айнымады. Ол өзгелерге шынайы қамқоршы, айналасына қайыр­ымды, өзім деген адамға аянбай қызмет ететін адал да ар­лы, қайратты, қажырлы азамат болатын.
Бар ғұмырын еліне, халқына арнаған Бұйраев Бақытжан 2015 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.
Бақытжанның қызы Гүлмира, ұлы Бауыр­жан ардақты әке жолын қуып, осы күні заң сала­сында абыройлы да беделді қызмет атқаруда. Ал Бөкеңнің құдай қосқан асыл жары Несібелі ұрпақтарының барша қызығына бөле­ніп отырған ақ жаулықты ақылгөй ана, абзал әже. Қазіргі күні жапырағын жайған бәй­теректей болған асыл ана Алатау бауырайындағы Алматы қаласында баласы Бау­ыржан мен кел­іні Гүлназдың қолында әулетінің тілеушісі болып аналық парызын өтеп, алаңыз өмір кешуде.
Қай жерде, қандай қызметте болса да, туған жерінен ешқашан кіндік үзбеген тұлғалы азамат Бақытжан Бұйраев әрқашан өзінің ата-қонысы Аманөткелдің шын жанашыры болып оның дамуына, көркеюіне қолұшын беруден танбаған атпал азамат-тұғын.

Шындалы Әбдіраманов,
Арал ауданының Құрметті азаматы.
02 желтоқсан 2022 ж. 396 0