Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақылаушы саланың білгірі еді...

Бақылаушы саланың білгірі еді...

Кез келген адам өз өмірін еңбектенуден бастап, еңбектенумен аяқтайтыны рас. Біз әңгімеге арқау етпек болған кейіпкеріміз Бақытжан Бұйраев ұзақ жыл прокуратура саласында абыройлы еңбек етіп, халқына қалтқысыз қызмет еткен азамат.
Ол 1948 жылы 22 мамырда Арал ауданының Аманөткел елді мекенінде дүниеге келген. Бала кезгі арманына қол жеткізу мақсатында орта мектепті бітірген соң, жоғары оқу орнына түсуге аттанады. Арманы орындалып, өзінің қалаған оқу орнына түседі. Сөйтіп, ол С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдайды.
Оның бойында қайтпас қайсарлық, еңбекқорлық қасиеттері мол еді. Мұны құқық қорғау саласының майталманы десе де болғандай. Билер сөзінің ауыздан-ауызға жетіп, бүтін ұлтқа қызмет етуі жақсы жалғастықтың нәтижесі екені сөзсіз. Адам жақсының жанында, тектінің төңірегінде жүрсе, күбір-сыбырдан аулақ, турашыл болатыны анық.
Ол әуелі 1979 жылы аудандық прокуратурада прокурордың көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Одан кейін аға көмекші, прокурордың орынбасары, Қармақшы, Арал, Қазалы, Жалағаш аудандарында прокурор болып қызмет атқарған. Осындай жауапты қызметтер атқарған кезінде Бақытжан Бұйраұлы жағымды жақтарымен аудан тұрғындарының есінде қалды. Өз ойын батыл айта алатын, әділдік пен тура билікті биік ұстанған айтулы азамат қай ұжымды да, қай қызмет тізгінін алса да, жемісті ісімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, ерен еңбегімен өзгеге үлгі-өнеге бола білді. Төрт бірдей ауданның прокуроры болып, сол аудандардың қалыптасып, дамуына өз үлесін қосқан жан.
Адал еңбегінің бәрі халықтан алғыс болып қайтып, бейнеттің зейнетін көрді. Сөйтіп, ол кеңестік дәуірде де, тәуелсіздік жылдары да аталмыш аудандардың дамуы мен өсіп-өркендеуіне білікті прокурор ретінде сүбелі үлесін қосты. Азаматтардың құқығын қорғауда Бәкеңдей азамат қандай құрметке лайықты дер едік. Ол өзіне сеніп тапсырылған жауапты жұмыстарда алғырлық, іскерлік, сауатты шешім айта білуімен ерекшеленді.
Бақытжан Бұйраевтың құқық қорғау саласындағы ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланды. Өзіне жүктелген жуапкершілік жүгін адал атқарған азамат «Әділет кеңесшісі», «Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрметті қызметкері» төсбелгісімен, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, ҚР Бас прокурорының Құрмет грамотасымен және талай мәрте бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ол өмір жолының табаны күректей 35 жылын прокуратура саласына арнаған екен. Азаматтардың құқықтық сауатын көтеруде қадағалау органдары ардагер салған сара жолмен тыңғылықты жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бақытжан ағамыз өзінің бір сұхбатында: «Аз қазаққа байлықты салыстыру да, жершілдікке қарай бөлінуі де қатер. Әсіресе, мұндай жат қылықпен бейкүнә жас ұрпақтың санасын уламауымыз керек. Байлықты, бай мен кедейді емес, тәуелсіздікті, осы тәуелсіздікке қалай жеттік дегенді жастарымыздың ойына орнықтыру қажет» деген еді.
Қай дәуірде де қоғамға лайықты еңбегін сіңірген ардагер Бақытжан Бұйраевтай асыл ағаға кәсіби мерекесі күні қарсаңында, мамандығына адал, білікті де ұлтжанды осындай азаматқа қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпесі анық. 2007 жылы пайғамбар жасына келіп, бір салада ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шықты.
Иә, үлкен абыройымен зейнетке шығу кім-кімнің де арманы, маңызды кезеңі екені даусыз. Бұл жауапты сәтте әрбір адам өзінің өткен жолына қарап қорытынды жасап, алға қарай ұмтылып, екінші жаңа өмірі басталғандай күй кешеді емес пе. «Тұлғалардан ешқашан өшпейтін із қалады» демекші, ел ағасы болған Бақытжан Бұйраевтың мамандыққа деген сүйіспеншілігі, адалдығы осындай болатын.
Ақмарал ЖАНЕСЕНОВА,
прокуратура қызметкері
04 желтоқсан 2021 ж. 725 0