Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жігерлі жігіттен күтеріміз көп

Жігерлі жігіттен күтеріміз көп

Адам өз өмірінің суретшісі. Нені қаласа, соны бейнелейді. Бірақ қателексіз қадам жасағаны дұрыс. Біз бұл заңдылыққа қаншама рет куә болдық. Әсіресе болашағының болмысын бедерлейтін, алдағы өмірінде өзіне сай келетін және қабілеті мен қарымы, жауапкершілігі мен міндетіне айналар мамандықты таңдау ең жауапты қадам. Келешегінің кілті саналатын мамандықты таңдауда қателеспеу қажет деген ұлт санасындағы ұғым да осыдан шықса керек.

Бүгінгі біздің тақырыбымызға арқау болып отырған азамат Нұржан Мейрамбекұлы Сражадинов өз мамандығын жаңылмай тапқан азаматтардың бірі. Бүгінде өз саласының білгірі болып жүрген жас та болса жігерлі жігіттің бұл бала күнгі арманы көрінеді.
Арманы асқақ Нұржан кішкентай кезінен әділдікті, адалдықты жанына жақын етіп өскен. Отбасындағы тәрбиенің тереңдігі оның үкілі үмітіне, аппақ арманына айналды. Қалайда "елге, жерге адал қызмет етемін, шындықтың жағында боламын" деген мақсатпен есейді.
Нұржан Мейрамбекұлы 2000 жылдың 31 наурыз күні Арал қаласында дүниеге келді. Арал қаласы №260 орта мектепті бітіріп, бала күннен өзімен бірге келе жеткен арманын ақиқатқа айналдырмақ болды. Осылайша 2017 жылы мектеп бітірген соң, Ақтөбе қаласындағы М.Бөкенбаев атындағы заң институтынын «Құқық қорғау қызметі» мамандығына оқуға түсті. Бір кездері қол жетпестей арманына айналған мамандық иесі болуына мүмкіндік алған ол оқу орнында жүріп-ақ өзінің біліктілігімен, білімділігімен көзге түсе бастады. Мақсат қоя білу – жетістік, ал сол мақсатқа қол жеткізу нағыз бақыт екенін сезіне білген ол 2021 жылы ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтын қызыл дипломмен бітіреді.
Мұнан бөлек, институт қабырғасында жүрген кезде институт бастығының Алғыс хатымен үш мәрте марапатталса, Ақтөбе қаласы әкімінің және Ақтөбе қаласы Жастар ресурстық орталығының Алғыс хаттарына ие болды. Ал 2021 жылы Малкеждар Бөкенбаевқа 95 жыл естелік төсбелгісімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қатарында 2017 жылдың тамыз айынан бері қызмет атқарып жүрген жерлесіміз 2021 жылдың мамырынан бастап Арал ауданының полиция бөлімінің кезекші бөлімшесінің кезекші аға инспекторы лауазымына тағайындалды.
Бүгінде көздеген межесіне сүрінбей жеткен жас маманның болашағынан күтер үміт көп. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жастарды қолдау оны жігерлендіре түскен. Білімі мен машығын жетілдіріп, алдағы уақытта да аудан тыныштығы үшін, елдің амандығы үшін антына адал, қызметіне әділ қызметкер боларына сеніміміз мол.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
22 маусым 2021 ж. 539 0