Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Басылым атын еншілегендер

Басылым атын еншілегендер

Тоқсан жылдық тарих көшінде редакцияда талай жандар еңбек етіп, жаңа толқын – жаңа леп алып келді. Қызметіне адал берілген жандар өздерінен өрбіген ұрпағына «Толқын» деп есім берді. Бүгінде «Толқынның» есімін еншілеген арулар өсіп келеді. Олардың бірі – абыройлы қызметкер, бірі – жасөспірім оқушы болса, енді бірі – газетіміздің 90 жылдығы аясында өмірге келген сәби.
Н. Маратқызы
«Толқын» газетінде қаламы қарымды тілші Серік Сейітмағанбетов мәдениет бөлімін басқарып тұрған шақта өмірге қызы келді. Ол 1971 жылы 20 қараша болатын. Сол кезде жаңа өмірге келген перзентінің есімін қою мәртебесі ұжымдастарына бұйырады. Осылайша нәрестеге «Ақтолқын» деген әдемі ат қойылады.
– Әкем редакцияда жұмыс жасайтын кезде, біз кішкентай бала болдық. Онымен бірге жұмысына жиі баратынбыз. Сонда ондағы жұмыс барысымен таныс болып өстік. Әсіресе мен әкеме ілесе барғанда, сол кездегі әріптестері «Біздің қыз келді» деп мені жылы қабылдаушы еді. Әкем өз қызметіне берілген жан еді. Іргелі басылымда қолтаңбасын қалдыра білді. Бізге де жақсы үлгі көрсетті , – дейді Ақтолқын Серікқызы.
Бүгінде үшінші мүшеліне қадам басқан Ақтолқын «Жансая» тіс емханасында бас есепші болып жұмыс жасайды.
Әке арманын орындаған жанның бірі – Нұрбек Қуанышбайұлы. Редакцияда жауапты хатшы болып қызмет жасаған Қуанышбай Мұқашевтың арманы қызының есімін «Толқын» деп атау болған. Бірақ өз балаларына Толқын деп атау бұйырмапты. Өйткені үлкендерден аса алмаған байсалды азамат анасы мен әкесі қойған есімді өзгертпеген. Бірақ осы бір арманы өзі өмірден озған соң орындалды. Ұлы Нұрбек биыл 7 тамыз күні өмір есігін ашқан қызына «Толқын» деген әдемі атты еншілеп берді.
– Әкемнің осындай арманы болғандығын үлкен әпкемнен естідім. Оның үстіне «Толқын» газетіне биыл 90 жыл толып отыр. Осы тарихи сәтте өмірге келген қызымның есімін «Толқын» деп атадым. Әкем өз қызметіне шын берілген жан еді. Қай кезде де ізденіс үстінде жүретін. Ол редакциядағы қызметкерлермен әріптес қана емес, достық қарым-қатынасты да берік орнатты. Бір өкініштісі, әкем «Толқын» деген есімге ие болған немересін көрмей кетті. Десе де арманы орындалды деп ойлаймын, – деген Нұрбек Қуанышбайұлы естелігімен бөлісті.
Иә, бізде де Толқын бар. Қазіргі ұжым басшысы Абай Елеш 2005 жылы аудандағы іргелі басылымға қызметке қабылданған кезінде дүние есігін ашқан қызын «Толқын» деп атады. Жаңа қадамын жақсылыққа балаған ырымшыл қазақпыз ғой, содан бері әр жылдары сатылап көтерілген Абай Жайшылықұлы перзентінің ертеңіне сеніммен қарайды.
– Толқын қазір 14 жаста. Өзі тумысынан зерек, дарынды болып өсті. Шығармашылық қабілеті де ерекше. Сурет салғанды жақсы көреді. Болашақта «дизайн мамандығын таңдаймын» дейді. Мен бала кезден «Толқынды» танып өстім. Осында өлеңдерім жарық көрді. Сол кезде осында қызмет жасауды армандаушы едім. Арманым орындалып, кеудемді қуаныш кернеген шақта өмірге келген қызыма жаңалықтың жаршысы болған басылымның атын қоюды жөн деп шештім, – дейді әріптесім .
Біз бүгін «Толқында» туған толқындарды әңгімеге арқау еттік.
Замана көші ілгері басып, буын өзгерген сайын әлі талай толқындар өмірге келері белгілі. Әр есімнің өз айтары бар, өзіндік ізі бар...
30 қазан 2020 ж. 833 0