«Толқын», толысқан кезің, бас қамшыны!

Қазір бәрі басқаша. Технология жетілді. Компьютер келді. Байланыста ақау жоқ. Кадр де жетілді. Ұжымның көбісі жастар және жоғары білімділер. Қаламын қалай сілтеймін десе де мүмкіндік бар. Облыспен тілдесу үшін халықаралық байланыстағы кезекті тәулік бойы күткеніміз әлі күнге естен кетер емес. Ал хат-хабарды, жазып-сызғанымды облыстық газетке шығып жеткізу үшін күнұзаққа вокзалға барып, таныс-біліс іздейтінбіз. Кейде оларды таппай ақыры почта арқылы жөнелтетінбіз. Ол дегеніңіз мына тұрған Қызылордаға бір аптада әрең жететін еді.
Бұл – біз өткен жол. Солай болған. Бірде пленумның есебін таныс жігітке «әке-көке» деп тапсырғанмын. Ертеңіне "Ленин жолы" газетінің партия бөлімінің меңгерушісі Д.Тасекеев звондады. Кешкі нөмірге түсу керек. Орын бос тұр, мақала қайда деп. Досеке, жібердім пәлен деген кісіден. Оны іздейтін сотка жоқ. Жан алқымға келіп, әлгі жігіттің осындағы жұмыс орнына звондап, бастығымен сөйлестім. Ол азамат қызметкерінің баратын мекемесімен байланысып, о жақтан "бізге келді, жұмысы бітті, қайтып кеткен шығар" депті. Пойыздың келетін мезгілінде үйіне адам жіберсе, келіп арқа-жарқа болып шай ішіп отыр екен.
– Хат қайда? – десе,
– О-ох, ұмытып кетіппін,– деп қалтасынан шығарып беріпті.
Әні, осындай да ұятты жағдай болған.
Ал «Толқын», толысқан кезің, бас қамшыны! Сіздерді, "Толқын" газетінің ұжымын, жалпы оқырмандарды 90 жылдық мерекелерімен құттықтай отырып, есен-саулық, шығармашылық табыс тілеймін.
Шәкірат Дәрмағамбетұлы,
" Толқын" газетінің бұрынғы қызметкері