Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Толқыннан» түлеп ұштық

«Толқыннан» түлеп ұштық

Өмірде алдыңнан шығар кедергілер көп болады. Ол кедергілерді бірден сыпырып тастау пенденің қолынан келе бермейді. Айлар немесе жылдар өте кедергіден арылып, кеңістікке қалықтап шығатының рас. Әлгі кедергілердің бәрі бір себеппен тосын болатын құбылыстар.1960 жылы 8 сыныпты жаңа бастап жатырғанбыз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақұлман Төлебаева апай қазақ әдебиетіне кіріспе шолу жасап бола берген, есікті шалқасынан тастап әкем кіріп келіп тұр. Оқушылар орындарымыздан тұрып аңтарылып қалдық.  «Үлкен балам бөлек шығып кетті, мемлекеттің малын далаға тастай алмаймын.

Мына баламды оқудан босат, келін» деді апайға.
Әкеміз апайымыздың айтқан уәждерін тыңдаған жоқ, мені түйенің артына мінгізіп  алды да, сол күні мал ауылдан бір-ақ шығарды. Сол кеткеннен 1963 жылдың қаңтарына дейін аттан түспей қой бақтым. Ертеден кешке дейін жалғыз далада жүрген соң қиялға берілесің, өмірдегі олқылықтарыңды армандап, қиялыңмен біріктіре отырып, толықтырасың. Мал ауылдарға айына бір рет қатынайтын пошташыдан кітап алдырып оқимын. Елу бес жыл өтсе де, есімде қалғаны сол тұста мен оқыған авторлар: С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Алекс Ла Гумма болатын. Бұл жазушы-ақындарды оқыған соң, жазушы я ақын болғың келетіні де рас. Жазуға қызығушылық осы кезде басталған.
1965 жылдың жаз айы. Совхоздың бас мал дәрігері Т.Үсенбаевтың машинасын айдаймын. «Толқын» газеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Кеңес Өмірзақовпен бірге мал ауылдарды жағаладық. Кеңес аға қайтарында 3-4 мақаламды ала кетті. Әлгі мақалалар көп ұзамай «Толқынның»  бірнеше санында жарық көрді. Сол жылы, сол күннен бастап «Толқын» газетімен тығыз байланыстамын. Елу бес жыл үзбей жазып келемін. Шығармашылығымның бастауы «Толқын» газетінен басталған. Мақалаларым шағын хабардан басталып, бара-бара сын мақалалар, репортаждар мен очерктерге ұласты. Жазуға деген құлшыныс арта түсті. 1970 жылы алғашқы көркем туындым «Жетім торы» әңгімем сәт сапар тілеген тілекпен «Толқын» газетінде жарияланған еді. Аралға барған сайын редакцияға соға кетемін. Редакция қызметкерлері құшақ жая қарсы алады. Ол кезде редакция құрамы шыңдалған журналистерден болатын. Редактор Мәлік Сәрсенов, орынбасары Сағынжан Ермағанбетов, жауапты хатшы Өмірбек Төлепов, ауыл шаруашылығы бөлімінде Кеңес Өмірзақов, өнер, әдебиет бөлімінде ақын Серік Сейітмағанбетов, құрылыс-транспорт бөлімінде Қуанышбай Мұқашев, радио торабының редакторы Ыбырай Әлжанов еді. Бұлардың қай- қайсысы да редактордың орнына редактор, тілшінің орнына тілші бола алатын нағыз таланттар еді. Баспасөз күндері қарсаңында ауданға шақырып, марапаттар беретін. Жергілікті жерлерден келген тілшілер бір марқайып қалатынбыз.
1971 жылдың көктемі де келіп жетті. Өрісті кеңейтетін кез келді. «Лениншіл жас» газетіне бір мақала, «Ленин жолы» газетіне бір мақала жібердім. Көп ұзамай «Жігіт ол мені өмірге жетелеген» деген көлемді мақалам «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Ал «Ленин жолы» газетінің сол кездегі бөлім меңгерушісі белгілі журналист-жазушы Жақсылық Түменбаев жіберген мақалама өз мақаласын біріктіріп, бір автор болуға хат арқылы келісім сұрады. «Қатігез әке, жауап бер» деген көлемді мақала «Ленин жолы» газетінде жарық көрді. Сол күннен бастап Жақсылық ағамызбен тығыз қарым-қатынаста болдым. Республикалық «Спорт» газетіне ауыл спортының мүшкіл халі туралы сын мақала жібердім. «Қарақұмға қарайласу керек» деген тақырыппен «Спорт» газетінде жарияланған сын мақала республиканың түкпір-түкпіріндегі ауыл спортына әсер етті. Мақала жарияланғаннан кейін жақсы пікірлер білдірген хаттар алып отырдым. Журналист мамандығын алу керек деген шешімге осы тұста келген едім.
1971 жылдың маусым айы. Бұл кезде үйленгенмін, бір балам бар. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Шешем – он бір баланың анасы. Оқуға сырттай баруға келісім жасадым. Құжаттарымды даярлап, газеттерге шыққан мақалаларымды тігіп, мінездеме алуға «Толқын» газетінің редакциясына келдім. Алдымнан аңқылдап Серік ақын шықты. «Жарты сағат әңгімелесе тұрайық, Мәлік ағаң райкомға кетті, отыр» деп жатыр. Жарты сағатымыз бір жарым сағатқа созылды. Бір уақытта Мәкең де келді-ау. Есігін бір-екі тықылдатып, «кір» деген соң, ішке ендім. Амандасып болған соң, «Отыр, бала» деп терезе беттегі қапталған орындықты ұсынды. Мәлік ағамыздың көп сөзге жоқ, істің адамы екенін білемін. Бірден журналистика факультетіне сырттай оқуға баратынымды, соған мінездеме алуға келгенімді жеткіздім. Әуелі өз қолымен, онан соң машинкаға басылған мінездеме лезде дайын болды. Мәлік аға мінездемені ұстап отырып, «Мақалаларың ұнайды, тарих, қазақ тіліне қалайсың?» деген бір ғана сұрақ қойды. «Жақсымын, аға» деп мінездемені қолыма қысып, сыртқа беттедім.
1971 жылдың күзі. Сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырып, шығарма, қазақ тілі, тарих пәндерінен «4» деген бағалар алып, оқуға түстім. Университетте Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов, Әбілпайыз Ыдырысов, Темірбек Қожекеев, Абдул-Хамид Мархабаев сабақ берді. Осындай адамдармен пікірлесу, олардан сабақ алу мен үшін үлкен мәртебе болатын. Алты жыл оқып, 1977 жылы журналист мамандығын алып шықтым. Алматыда республикалық басылымдарда қызмет атқаруыма мүмкіндік болғанымен, туған жерде еңбек ету бұйырды. Қиындығы болса да, осындай сәтті жолдардан өтуіме «Толқын» газетінің шерепеті мол болғанын әр кез мақтанышпен айтып отырамын.
Өмір бір қалпында тұра бермейді. Арасында «Толқынға» басшы болғандар бар. Олардан бөлек, тағы бір шығармашылық топ келді. Бұларды даралап айтып отырғаным Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаев, публицист Амангелді Өткелбаев,  журналист-жазушы Жаңабай Кемал, ақын Абай Елешов осы топтың ішінде болатын. Ал бұл тұстағы «Толқын» газетінің редакторы кәсіби журналист-жазушы Жұмабай Жақып еді. Газет бұрынғы биігінен аласарған жоқ, жазуға қабілеті бар таланттарды бауырына тарта білді. Бұдан соң газетті «Толқынның» байырғы қызметкері Шымкентбай Жылмағанбетов басқарды. Редакция тілшілері тақырыптарды түрлендіре білді. Өткенді жаңғыртуда журналистер ізденімпаздықпен еңбек етті.
Міне, «Толқын» газеті тоқсанның табалдырығын аттап тұрған тұста  редакторлық тізгінді газет жұмысында ысылған талантты журналист  Абай Елешов ұстап отыр. Ауданның айнасы болған соң газеттің әр санын үзбей оқып, бет-бейнесін назарда ұстаймыз. Редакция журналистерінің бүгінгі қалам тербеулері қуанарлық. «Толқын» газеті қоғамға кеселін тигізген талайларды сын тезіне салып, тәубесіне келтірген. Сол сын мақалалар газет бетінен көрініп, жаңа айдарлар пайда болса, құба-құп болар еді. Бұрын айына бір рет әдебиет, спорт беттері ұйымдастырылған. Сондай беттер жалғасын тапса, жас таланттардың қызығушылығы артары сөзсіз. Газеттің мүмкіндігі оған зор деп ойлаймын.
Туған жерімде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, талантты жеті журналисті тәрбиелеп шығардым. Олар облыстық, республикалық басылымдар мен телевидениеде абыройлы еңбек етуде. Ал Қазақстан Журналистер одағының мүшелері  Абай Елешов пен Лаура Әйтімованың «Толқын» газетінде қызмет атқаруы мен үшін абырой. Қырандар құз басындағы ұясынан түлеп ұшады. Ал біз «Толқыннан» түлеп ұштық. Ол – ақиқат.
Иманбай Әйтімов,
Журналист
23 мамыр 2020 ж. 766 0