Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әбдіжәміл Нұрпейісов - қазіргі қазақ әдебиетінің асқаралы биігі

Әбдіжәміл Нұрпейісов - қазіргі қазақ әдебиетінің асқаралы биігі

“Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылықбілдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген.
Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияздығының арқасында
Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар,
заманымыздың ең терең жазушыларының бірі
дәрежесіне көтерілген”
Жан Монтальбетти (Франция)
Әрбір елдің, ұлттың кеуде соғып мақтанатын жұлдызы мен нағыз жауһары болары хақ. Иә, Қазақстан халқы мақтана беруіне болады. Азаттық пен әділеттік жолында өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар, әлемдік ақыл-ойдың қазынасына өлшеусіз үлес қосқан, қабырғалы қаламгеріміз, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовпен Мәңгілік еліміз мақтана алады.
Әбдіжәміл Нұрпейісов есімі барлық оқырмандарына әлемнің өрісіне жол тартқан «Абай жолын» жалғастыра жаңғыртқан «Қан мен тер» болып еске түседі. Сонымен бірге, тағы да Арал апаты еске түседі. Жазушы шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері Аралға арнапты.Қаламын найзадай білеп, Аралға араша түсу- жазушы ғұмырының «Соңғы парызына» айналыпты.Бұл екі шығарманың екеуі де әлем оқырмандарының алдында қазақ әдебиетінің айбынын асқақтатып,беделін көтерді. Ал,осының бәрін оқып, тұщыну,мына біздің, кемел келешектің, бір буын ұрпақтың маңдайына жазылыпты.
Қазақ әдебиетінің атасы, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды. Балалық шағы зұлмат ашаршылық жылдарға,өсіп-өркендеген кезі сұрапыл соғысқа тұспа-тұс келіп,қалыптасып кемелденуі Кеңес дәуірінде, шежірелі абыздығы Тәуелсіз Қазақстанда өтіп жатқан ғасырмен тетелес ұлы суреткердің өмір жолында бақыт пен махаббат, жетістік пен қуаныш кезектесе тебіреніп толқып жатты.Бақыты мен махаббаты -артына қалдырған қазынасы шығармалары болса, жетістік пен қуанышы- бар еңбегі шаң басқан сөрелерден табылмай, әлем оқырмандарының қолы мен жанарында болғандығында.
«Әрбір дүниеге келген адам өзінің қабілетіне қарай күрескер болуы керек. Бұл- өмірдің мәні»,- деп заңғар жазушымыз Ә.К. Нұрпейісовтің өзі айтқандай, жазушының өмірінің осы кезіне дейін қолынан қарымды қаламы түскен емес.Бар таланты мен бар күш- қуатының бәрін бір жолға ғана арнады. Ол- жазушылық. Бір жол жазса да, күреспен жазды.Келер ұрпақ абыз атамыздың әр жолы үшін күрескен ойы мен санасынан үлгі алса, Қазақ елі сөзсіз мәңгі жасайды.
Ұлы атамыздың шығармаларын оқи отырып, сөз саптауынан, ақ қағазға жазылған шымыр сөйлемдерінен туа бітті дарын иесіне тән қасиетті танығандайсың.
Жазушының өмір жолымен танысып, зерделей түссең, өмір жолының аса ауыртпашылықпен өткенін білесің. Осы қиын- қыстау заманға мойымай, жазушы үлкен оқу орнына білімін жетілдіруге аттанады. Ақбас шыңды, асқар таулы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскенде, әскерден келген жас жігіт отыз қыздың ортасына түсіп,олардың білген білімінің бірде- біреуін білмейтінін түсінеді. Дегенмен бұл жағдай, қазақ әдебиетінің абызын тынбай еңбек етуге,қолынан қаламы түспей, сөз құдіретінің тұңғиығына бойлауға жетелейді. Өз бағытынан тайдырмай, жетелеп келе жатқан бойтұмары- бойындағы асыл қасиетінің бірі еді. Әдебиет деген киелі жолда өзіне бата берген ұлы жазушыларымыз М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин сынды алыптардан қалған аманатқа адалдығы мен көркем сөзге деген адалдығы еді. Міне, ғасырға жуық уақыт өтсе де, өзге тілде сөйлеткен аудармашыларды да өзі қадағалап, тарлан жазушы шығармаларын қайта қарап, түзетулер енгізіп отырады.
««Ымырт» романы қазақ романының жаңа бір сатыға көтерілгендігін аңғартады. Оны әлем әдебиетіндегі ең үздік шығармалармен қатар қоюға болады.»- деп француз ақыны Луи Арагон, ««Қан мен тер» эпопеясын ХХ ғасыр және қазақ әлемі деп атауға болар еді. Суреткер ретінде Ә. Нұрпейісов ғасырдағы осынау алапатта асқақ болмысын өзінің кіндік жұртын мысал ете отырып, нағыз өнер тілімен жырлап бере алды. Бұл ретте Ә.Нұрпейісовтің өмір бойы жазғаны біртұтас, бір ғана әпопея десе лайық» А. Сейдімбек. Бұл- абыз жазушыға замандастары тебірене жазған, жазушы шығармаларына берген бағалар.
Алатаудың ақбас шыңдарына қараған жазушы бала кезінде жалаң аяқ жарыса жүгіріп, көк жуа іздеген балалық шағы, Белараны көз алдына келді. Ол мағыналы өмір сүрді. Бұл- ұлылардың ғана қолынан келетін қасиет!
Ал, әдебиет әлемінің нағыз жауһары, асқаралы биігі болып енген жазушы қолтаңбаларының көшіне ілесу- бүгінгі көзі қарақты оқырмандар мен болашақ ұрпақтың еншісінде.
Т. Г. Шевченко атындағы №13 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Лиза Құрмантаева
28 қазан 2019 ж. 1 650 0