Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тас жол тағдырларды жалмамасын

Тас жол тағдырларды жалмамасын

Мен аудандық «Толқын» газетінің тұрақты оқырманымын. Әр санын асыға күтіп, ауданның тыныс-тіршілігі мен жаңалығынан тыс қалмауға тырысып отырамын. Көтерілген мәселенің орындалғанын көріп, төбем көкке жеткендей болады. Міне, осылайша мені қуантып келе жатқан жергілікті басылым бетінен тағы бір көңіл толарлық дүниені көрдім. Расымен «Айналаны шолып қарайла, жолда жүргенде абайлы» тақырыбымен жарық көрген мақала тек менің емес, көпшіліктің көңіліндегі түйткіл. Жақында Қызылорда қаласында болған қайғылы жағдайды естіп, денеміз шымырлады. Жүгенсіз көлік иесінің кесірінен бүлдіршіндер жарық дүниемен қош айтысты. Кірпік қаққанша үш бірдей періште қыршынынан қиылды. Аза бойымыз қаза болды. Кінәлі кім? Балалар ма? Жоқ, кінәлі – көлік тізгіндеген жүргізуші. Мұндай жантүршігерлік жағдайлардан естімегеніміз қаншама. Жол оқиғасы соңғы кезде тіпті жиіледі. Бүлдіршіндерден бөлек, қаншама адам тас жолдың бойында ажал құшып жатыр. Жұмыстан қайтар жолда мен де жылдамдықты асырған жүргіншінің құрбанына айнала жаздаған кезім болды. Ол жолмен мектептен қайтқан оқушылардың қайтатынын ойласам, тіпті мазам қашады. Сондықтан жоғарыда аталған мақала барлық темір тұлпар тізгіндегендерге ой салады деп ойлаймын. Бұл бір ғана құқық қорғаушылардың міндеті болмауы тиіс, біз, қарапайым халық атсалысуымыз қажет.
Ғ. ҚОСБАРМАҚОВА,
қала тұрғыны
10 желтоқсан 2019 ж. 1 555 0