Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛ МҰРАТЫ – ЖЕТУ

ЖОЛ МҰРАТЫ – ЖЕТУ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Арал аудандық прокуратурасымен ұйымдастырылған «Жол мұраты – жету» тақырыбында ведомствоаралық мәжіліс өткізілді.Аудан прокуроры А.Тәженов төрағалық еткен мәжіліске – аудан әкімінің орынбасары М.Мейірбеков, Қызылорда облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, ОІІД-нің, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның облыстық филиалы, жергілікті атқарушы, құқық қорғау, уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдері мен қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Жиында ашып берген аудан әкімінің орынбасары аудан көлемінде ағымдағы жылдың өткен мерзімінде жол-көлік оқиғаларының саны артқандығы, нәтижесінде ауыр зардаптарға соқтыру деректері көбейгені алаңдатып отырғандығын жеткізді. Осы орайда, арнайы ұйымдастырылған мәжілістің маңыздылығына тоқтала келе, сөз тізгінін аудан прокурорына берді.
Өз кезегінде сөз алған Арал ауданының прокуроры А.Тәженов аудандық прокуратурамен талдау жүргізу барысында аудан көлемінде жол-көлік оқиғаларын алдын-алу мен болдырмау мақсатында ұйымдастырылған профилактикалық жұмыстар көңіл көншітпейтіндігін атап өтті.
Cтатистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылдың 7 айы мерзімін өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 5-тен 16-ға дейін өсіп, 220%-ке өсім алса, жол-көлік оқиғалары салдарынан қайтыс болған адамдардың саны 80%-ға өскен. Яғни 5 адамнан 9 адамға дейін жетіп отыр. Ал жарақат алған адам санының өсімі 42%-ты құрап, өткен жылы 17 болса, биыл 24-ке жетті. Жалпы көлік апатынан көз жұмғандардың басым бөлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінде жол-көлік оқиғалары салдарынан орын алған.
Мәселен, соңғы тіркелген адам өлімі 5 шілде күні сағат 23:30 шамасында дәл осы тас жолдың 1411/855 шақырымында тіркелді. Арал ауданы, Шөміш елді мекенінің тұсында Toyota camty-70 маркалы көлігі автокөлігімен Қызылорда қаласынан Батысқа қарай бағыт алған жолда мүйізді ірі қараға соғып, одан кейін қарама-қарсы бағыттағы «Мерседес» маркалы автокөлігіне соқтығысады. Екі көліктегі 7 адамның 2-еуі қаза тапса, 5-еуі түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.
Осы тектес проблемалық мәселе облысымыздың батыс жақ бөлігіндегі барлық аудандарында орын алуда.
Аталған жол-көлік оқиғаларының бірден бір себебі халықаралық деңгейдегі дәліздің Қызылорда қаласынан бастап Ақтөбе облысына дейінгі аумағындағы жолдың тар болуы, екі жақтан да темір қоршаудың болмауынан дейді өз баяндамасында аудан прокурорының орынбасары М.Мұзатов.
Бұдан бөлек те мал иелерінің өздерінің үй жануарларына дұрыс қарамауы, пада ұйымдастырып, бақташы арқылы бақтырмауы, әр бір малдын мойындарына, аяқтарына сәуле шағылыстырғыш ленталармен қамтамасыз етілмеуі салдарынан осындай түрлі ауыр зардаптарған соқтыруда.
Сондай-ақ, аудан көлемінде бұрын сонды сот қаулысымен көлік құралын масаң күйінде жүргізгені үшін басқару құқығынан айырылған, кейін қайтадан алкогольдік масаң күйде құжатсыз көлік құралын басқарғаны үшін 5 адам қылмыстық теріс қылыққа тартылса, өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда 150%-ға өскен.
Міне, осы мәселелер шешу жолында, жол көлік оқиғасына қатысты тіркелген қылмыстық істердің өсім аулы және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған іс-шаралардың тиімділігі мен жай-күйін талдау мақсатында өткен мәжіліс барысында Қызылорда облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, ОІІД-нің, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның облыстық филиалы мамандары мен жергілікті атқарушы, құқық қорғау, уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдері және қоғамдық бірлестіктер өз тараптарынан атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.
Бұл мәселелер аясында түрлі пікірлер айтылып, баяндамалар оқылды. Сұрақтар қойылып, ұсыныстар тыңдалды. Сонымен қатар, ішкі істер қызметкерлері мен ауылдық округтер әкімдеріне, өзге де осы мәселеге жауапты тұлғаларға тапсырмалар беріліп, жауапкершілік жүктелді.
Иә, жол көлік оқиғасы салғырттықты көтермейтін мәселе. «Жол мұраты – жету» дегендей мұратына жетемін деген қаншама адам өмірі қиылып жатыр. Адам – мемлекеттің басты капиталы. Сондықтан жауапкершілік керек-ақ.
26 шілде 2019 ж. 1 171 0