Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол ережесіне бақылау қажет

Жол ережесіне бақылау қажет

Былтыр облыс көлемінде 372 жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның ішінде Арал ауданы бойынша тіркелгені 29-ды құрап отыр. Жол ережесін бұзу деректері 2016 жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға өскен. Бұл жедел шараларды қабылдауды қажет етеді. Осыған орай аудан әкімі М.Оразбаевтың төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, онда жол қауіпсіздігін сақтау бағытында атқарылып жатқан шаралар барысы талқыланды.
Бүгінде тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, халықты қанша сақтандырғанымен оқыс оқиғалар саны азаймай отыр. Осының кесірінен қаншама адамның өміріне қауіп төнуде. өткен жылы атқарылған қауіпсіздік шараларын баяндау барысында мектеп оқушыларын сақтандыруға көңіл бөлінгенін атап өтті. Бұл бағытта "Абайлаңыз балалар", "Автобус" шаралары қолға алынған. Сондай-ақ, "Нұр Отан " партиясы аудандық филиалымен бірлесе отырып, "Жолда қабылдау" акциялары өткізілген. Одан бөлек аудандық жол-патрульдік полиция қызметімен автомобиль жолдарында барлығы 2018 жол жүру құқық бұзушылық деректері анықталған.
– Алкаголь ішімдігін ішіп, көлік басқарған мас күйіндегі 72 жүргізуші анықталып, олар сот шешімімен 3 жыл автокөлік жүргізу құқығынан айырылды. Жол-көлік оқиғаларын саралай келе оның 16-сы Арал қаласында, 8-і "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" тасжолының бойында, 3-і Сексеуіл кентінде және Сапақ елді мекені мен Бөген-Амамнгелді тас жолының бойында бір оқиғадан тіркелгенін анықтадық, – деді аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ә.Үмбеталиев өз баяндамасында.
Жол-көлік мәселелері көбіне аудан орталығында туындауда. Осыған орай арнайы қызметтік көліктермен бақылу күшейтілген. Рейдтік жұмыстар да ай сайын ұйымдастырылады. Алайда мәселені азайтуға бұл да жеткіліксіз. Оқиғалардың алдын алу үшін жол белгілері мен камераларды жөндеу қажет. Аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Тасқынбаев осыған орай хабарлама жасады.
– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 2 млн. теңгеден астам қаражат қаралған. Осы қаржыға 80 дана жол белгісі жаңадан орнатылып, 65 данасы стандартқа сәйкестендіріліп қайта орнатылды. Сондай-ақ, биыл қажетті көшеге бағдаршам орнату жоспарланып отыр, – деді бөлім басшысы.
Қазіргі таңда жол белгілерін күтіп ұстаудың өзі мәселеге айналып тұр. Қисайған, жерде жатқан белгілердің де көлік қақтығысына себепші болатыны сөзсіз. Аудан әкімі М.Оразбаев осы олқылықты дер кезінде жасап отыру қажеттігін қадап айтты. Жол ережелерін күтіп ұстауды қала әкімдігі міндетіне алу керектігін ескертті.
Сонымен қатар, бағдаршамдардың да істен шығуы құқық бұзушылықтың көбеюіне әкеледі. Бүгінде қалада 28 бейнебақылау болса, соның 5-і істен шыққан. Ал бұл заңсыздықтың болуына жол беріп отыр. Осының салдарынан көшеге, жол үстіне қоқыс тастайтын тұрғындар анықталмай отыр. Камераларды жөндеу жөнінде тиісті тапсырмалар берілсе де әлі іске аспай отыр. Осыған орай аудан басшысы жұмысты жеделдету қажеттігіне назар аударды.
Темір жол бойындағы түйткілдер де толастар емес. Осыған орай жергілікті полиция қызметінің бастығы Ә.Үмбеталиевке аудан әкімі кезекпен бақылау қоюды тапсырды. Бір-екі рет шара көрілсе, кейіннен аяқ тартып, заң бұзушылық тоқтар еді.
Комиссия отырысында қаладағы У.Қосымов көшесі, яғни темір жол үстінен өтетін жолдың жайы да талқыланды. Осы жердегі көлік қозғалысын реттеу жолдарын қарастыру аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына тапсырылды.
Қала кеңейіп, халық саны өскен сайын көліктердің де артатыны айтпаса да түсінікті. Осыған орай жол-көлік оқиғаларының да артатытын сөзсіз. Дегенмен, үнемі бақылауда ұстау, тиісті тапсырманың дер кезінде орындалуы жағдайды жеңілдетіп, мәселені азайтады. Сонымен қатар, тұрғындарға да түсіндірме жұмыстарын күшейту қажет. Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі аталған мәселелер бойынша сала басшыларына тапсырмалар беріп, шараларды күшейтуді ескертті.
М.ҚҰРМАНӘЛІ.
14 ақпан 2018 ж. 1 458 0